Экипаж мүшелері апаттың алдын алу үшін соңғы секундқа дейін күрескен – Дәурен Қосанов

29 Наурыз 2019, 19:28
7119
Бөлісу:
Экипаж мүшелері апаттың алдын алу үшін соңғы секундқа дейін күрескен – Дәурен Қосанов

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы Жалағаш ауданы аумағына құлаған Ми-8 әскери тікұшақтың экипаж мүшелері апаттың алдын алу үшін соңғы секундқа дейін күрескен. Бұл туралы бүгін Қызылорда облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әскери әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов мәлімдеді.

Дәурен Жұматайұлының айтуынша, 27 наурыз күні Астана уақытымен сағат 18:20 минутта  Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырады. Аталған тікұшақ 1985 жылы шыққан. Күрделі жөндеу соңғы рет 2014 Алматы авиа жөндеу зауытында өткен. Әр жөндеу өткеннен кейін тікұшақ 8 жылға пайдалануға беріледі және оған әрдайым техникалық қызмет көрсетіледі. 

«Біздің жігіттердің әке-шешелеріне, балаларына, жақындарына өз атымнан, Әскери әуе күштері сарбаздары атынан көңіл айтамын. Бір топ тікұшақ Ақтау қаласынан Шымкент қаласына ұшқан себебі, «Алтын жебе» оқу-жаттығуына бара жатқан болатын. Ұшқыштар күндіз де, түнде де шығуға дайын еді. Олар 3-ші, 2-ші сыныпты ұшқыштар. Ал апатқа ұшыраған тікұшақ экипажының командирі Роман Костыгов 2-ші сыныпты мықты ұшқышымыз болып еді. Жалпы, 2-ші сыныпты ұшқыштар жолаушылар тасымалдай алады. Қазіргі таңда арнайы құрылған мемлекеттік комиссия апатты жағдайға тексеру өткізіп жатыр. Оның қорытындысын комиссия төрағасының өзі кейін айта жатар. Әзірге  мен өз тарапымнан білгенімді айтамын», – дейді Дәурен Қосанов.

Экипаж мүшелері апаттың алдын алу үшін соңғы секундқа дейін күрескен – Дәурен Қосанов

Авиация генерал-майорының мәліметінше, Ақтаудан шыққан 4 тікұшақ Крайний әуежайына қонып, жанармай құйған. Олар сағатына 200 шақырым жылдамдықпен 10 минуттық арақашықтықта ұшқан. 

«Алда екі жас ұшқыш болса, олардың соңынан үшінші болып майор Костыгов ілескен. Соңғысы подполковник Сагиев ұшқан. Сагиев те, Костыгов та 2-ші сыныпты ұшқыштар. Олар күндіз-түні қалыпты әрі күрделі ауа райы жағдайында, биіктігі 100-ден бастап 1000 метрге дейінгі әуеде кез келген тапсырманы орындай алатын. Ал майор Костыговпен не жағдай болғанын комиссия тергеп, зерделеп жатыр. «Қара жәшік» табылды, тергеу комиссиясында», – деді ол.

 Дәурен Қосанов журналистердің «тікұшақ апаты неден болды» деген сауалына да жауап берді. Оның пікірінше, қайғылы оқиға авиациялық техниканың істен шығуынан орын алған. 

«Тәжірибелі ұшқыш ретінде менің жеке пікірім, апат техника жағынан болды. Экипаж мүшелерінің баяндауына, сөйлесуіне мүлде уақыты болмаған. Біздің жігіттер жағынан кемшіліктер жіберілген жоқ. Апаттың алдын алу үшін 200 метрлік биіктікте келе жатқан тікұшақ экипажы соңғы секундқа дейін күрескен. Себебі, олар бағытын фермадан басқа жаққа бұрып, апатқа ұшыраған. Қайталап айтамын, бұл менің жеке пікірім. Нақты қорытындыны мемлекеттік комиссия айтады. Қазіргі таңда интернетте тараған пікірлер қисынсыз, әдепке мүлде сай емес. Біздің жігіттерге күйе жағу деп түсінемін. «Апатқа метеорологиялық фактор әсер етті» дегендер – дилетанттар. Біз қай жақта қандай ауа райы екенін алдын ала білеміз. Ашық дереккөз көп, оның еш қиындығы жоқ және ол нақты. Қалыпты, тіпті, күрделі ауа райы жағдайы болса да біздің ұшқыштар күндіз-түні ұшуға дайын. Ал жолаушыларды, жеке құрамды күндіз-түні тасымалдауға да рұқсат беріледі», – дейді Дәурен Қосанов.

Авиация генерал-майорының айтуынша, қаза тапқан әскерилер – Алматы, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары және Шымкент қаласынан. 

«Қазіргі таңда жігіттердің барлығының денелері табылды. Олардың ішінде 10 мәйіттің кім екені анықталды, бүгін кешке дейін барлығын танып, аяқтаймыз. Әлі басқа да сараптамалар бар. Содан кейін сарбаздардың денелері туыстарына беріледі. Ертең Қорқыт ата әуежайына өзіміздің ұшақтар келеді. Алдымен сонда митингі өткіземіз, содан кейін мәйіттерді ұшақтарға салып, өз аймақтарына апарамыз. Ары қарай үйіне, әке-шешесіне жеткіземіз», – деді Дәурен Қосанов.

Еске сала кетейік, Қызылорда облысында тікұшақ құлап,13 адам қайтыс болғаны туралы хабарлағанбыз. Депутаттар қаза тапқандардың отбасына көмектесуді сұрады.
Өзгелердің жаңалығы