"Теміртауда жұмыс істеп жүрміз ғой, нәрестенің атын Темірхан қояйық" деп ұлымның атын Елбасы қойған – естелік әңгіме

26 Қараша 2019, 12:20
7032
Бөлісу:
"Теміртауда жұмыс істеп жүрміз ғой, нәрестенің атын Темірхан қояйық" деп ұлымның атын Елбасы қойған – естелік әңгіме
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Елбасымен жастық шағында бірге оқып, бірге жұмыс істеген және отбасымен аралас-құралас болған жамбылдық азамат Рахымжан Мырзахметов әңгімесін осылай бастады.

Ол сонау 1958-1960 жылдары білімге құштар қазақ жастарының қатарында комсомолдық жолдамамен Украинаның Днепродзержинск қаласына барған, Қазақстанның металлургия саласын дамыту үшін сонда металлург мамандығын игерген. 

Днепродзержинскіге алғаш барған қазақстандық 33 жігітті украин азаматы Дмитрий Изотович Погорелов өз қарамағына алып, жаңа кәсіптің қыр-сырына баулиды.

Днепродзержинскідегі зауыт шын мәнінде алып екен. Бір қатарда 12 домна пеші орналасқан. Домнадан кеннің сұйық шойынға, одан кейін мартен пешінде болатқа, өндірісте дайын прокатқа қалай айналатынын көзімізбен көрдік. Бәрі біз үшін қызық, алғашында қорқыныш та болды. Айналаның бәрі гүрс-гүрс, ұшқын шашырайды. От өзені сарқырап ағады. Бірақ бұған бір аптадан кейін-ақ етіміз үйренді, біз болашақ мамандықты төзімділікпен игере бердік. Онда біздің алғашқы старостамыз оңтүстіктің жігіті Рысбек Төлендиев болды. Кейін Дмитрий Изотовичтің ұйғарымымен старосталыққа Нұрсұлтан Назарбаев тағайындалды. Оған дейін ол "Горновой" газетінің редакторы қызметін атқарған екен, - дейді ол.

Рахымжан Мырзахметов Тұңғыш президенттің бірінші күннен бастап-ақ зеректігімен, зерделілігімен көзге түскенін айтты. Оның адамгершілігі мен ұстанымы да топ алдындағы беделін көтере түскен. Тіпті, Дмитрий Изотовичтің өзі жаңа тақырып түсіндіріп жатып кейбір реакцияларды теңестіргенде көбіне Нұрсұлтан Әбішұлына қарап: "Ана элементтің валенттігі қандай, мынанікі ше?" деп, үнемі сұрап отырады екен.


Сабақта ол өте белсенді болды, қандай тосын сауал болса да еш мүдірмейтін, нақты жауап қайтаратын. Осындай қабілетінің арқасында топтың көшбасшысы дәрежесіне көтерілді, – деп еске алады Рахымжан аға өткен күндерін.
Аталған зауытта қазақ жігіттері спорт жағынан да осал түспеген. Нұрсұлтан Назарбаев еркін күрестің шебері болса, Рахымжан бокстан ІІ дәрежелі спорт шебері атанған.


Дмитрий Изотович көреген жан еді. Мені "Рахымжанчик" деп өз баласындай еркелететін. Ол бірде: "Алтай, Жұман және сен - үшеуің Нұрсұлтанға көп бағына бермейсіңдер. Бекер. Біле білсеңдер, ол келешекте Қазақстанның Орталық комитетінің бірінші хатшысы болады", деді. Мен жымисам керек. "Сен күлме, бағынасыңдар әлі, көресің" деп арқамнан қақты. Мұндай көрегендікті естіп отырған жігіттер қарап қалсын ба, "біз ше, мен кім болам?" деп даурығысты. Бүгінде Изотовичтің сол кездегі болжамының ақиқатқа айналғанына таңғаламын, ол маған "Рахымжанчик, сен келешекте мұғалім боласың", деп еді, - дейді Елбасының досы.

1960 жылы оқуды бітіріп келген жас металлургтер бірден болат балқытуға кірісіп кете қойған жоқ. Олар сол домна пештерінің тез әрі сапалы салынып бітуіне үлес қосып, содан кейін ғана жұмысқа бел шеше араласты.

123.jpg

Рахымжан аға Теміртауда Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге жұмыс істепті. Нұрсұлтан Назарбаев №1, Рахымжан аға болса №2 домна пешінде, 1963 жылы Жаңа жылдық шойын балқыту үстінде теледидарға да шыққан. Артынша топтың ең алғашқыларының бірі болып Нұрсұлтан Әбішұлы екеуі "Коммунистік бригада" атағын жеңіп алады.

Алайда, кейіпкеріміз үйінің кенжесі болғандықтан да ауылына, әке-шешесінің қасына баруға тура келеді. Ауылда үш жылдай ішкі істер органында қызмет атқарады да, 1968 жылы түпкілікті мұғалім болып мектепке ауысады. Зейнетке шыққанша осы салада еңбек еткен. Рахымжан Мырзахметов 1995 жылы Елбасының арнайы шақыртуымен Алматы қаласына барып, ескі досымен жолығып, дидарласады. 

Одан кейін, оқу бітіргендеріне 50 жыл толуына орай, 2008 жылы Теміртау қаласында Тұңғыш президентпен жолығудың тағы бір сәті түседі. Олардың қатарында Украинада оқыған кездерінде 60 жігіттей болған екен. Енді, содан қалғаны 26 ғана, он үші – оңтүстік өңірінен. Соның бірі – Рахымжанның өзі. Жамбыл облысынан Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оқып, иық тіресе домна пешінде жұмыс істеген де өзі ғана екен.

Ал металлургтік оқуды бітіргендеріне 50 жыл толуы есте қаларлықтай дәрежеде атап өтілген. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған қазақстандық алғашқы металлургтерді Қарағанды облысы мен Теміртау қаласының басшылары айрықша құрметпен қарсы алыпты. Қарағанды металлургия комбинатының мейрамханасында үлкен салтанат ұйымдастырылады. Оған Елбасы да қатысып, курстас достарымен кездесіп, дастарқандас болады.

Сол жолы Елбасы бізбен "Аман-есен болыңдар, тағы да аман-есен кездесуге жазсын!" деп қоштасты, – дейді Рахымжан аға толқи сөйлеп.

Осы жүздесуден кейін Қазақстан Республикасы Тұңғыш президентінің бір кездегі курстастары Нұр-Сұлтан қаласын аралап, оның он жылдық мерейтойына да қатысқан.


Металлург достарыммен, әсіресе Елбасымен кездесуден, Астананың мерейтойынан алған әсерім шексіз. Оны әлі ұмытқан жоқпын. Ұлт көшбасшысының бастауымен біздің еліміз болашақта ең мықты мемлекеттер қатарына қосыларына кәміл сенемін, – дейді Рахымжан аға.

Тағы айта кетерлігі, Рахымжан Мырзахметовтің жары Сәния апа да Елбасымен дастарқандас, оның жары Сарамен сырлас болған. Сәния Сәдебайқызы 1960 жылы Рахымжан ағаға тұрмысқа шығады. Ал 1961 жылы тұңғышы Мейірханды жаңа босанған соң, жұбайымен бірге Теміртауға көшіп барады. Онда жас отбасыға баспана да беріледі.

Рахымжанның достары, курстастары үйге жиі келіп тұрушы еді. Солардың ішінде Нұрсұлтан да бар. Нұрсұлтан сол кездің өзінде достарынан зеректігімен оқ бойы озып, ерекшеленіп тұратын. Ақылды, байсалды көрінетін. Өз ауысымынан тыс уақытта қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрді. Сол кездің өзінде зауыттың комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқаратын. Отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды ғой. Бірде Рахымжан екеуміз қатты ұрысып қалдық. Мен шағым айтып комсомол комитетіне барсам Нұрекең отыр. Арызымды алып қалды. Кешке үйге келіп, Рахымжан екеумізді қатар отырғызып қойып, ақылын айтты. Курстасын әрі әріптесін қатты сынға алды. Намысына қамшы салар жігерлі сөздер айтып, екеумізді табыстырып кетті, - дейді Сәния апа.
Оның сөзіне қарағанда, Нұрсұлтан Әбішұлы Сараға үйленген соң Рахымжанның үйіне жиі келіп тұрған. Екеуі де балажан болғандықтан, құр келмей Мейірханға ойыншық немесе тәтті нан әкеледі екен. Мейірханды орталарына алып ойнатып, мәре-сәре болып қалатын көрінеді. Ол кезде олардың балалары жоқ. Жаңа қосылған жастардың жұбы үнемі жазылмайды.

Бір жағы олар тұрған көп қабатты үйлер де қатар орын тепкен. Ал демалыс күндері киноға барып, қыста үйдің алдындағы биік қырға шығып екеуі шаңғы тебеді екен.


Мен екіншім Темірханыма аяғым ауыр болатын. Толғағым келіп ауруханаға түстім. Босанған күні қызметтестер металлург күнін атап өткен. Содан шыққан соң барлығы перзентханаға келді. Мерекеден шыққандары көрініп-ақ тұр. Рахымжанның жолдастары маған "балаңның атын Шойынбек деп қоямыз" деп қылжыңдап жатыр. Мен болсам "басқа ат құрып қалды ма?" деп жата кеп өкпелеймін. Сөйтіп даурығысып тұрғанда Нұрсұлтан "біз Теміртауда жұмыс істеп жүрміз ғой, нәрестенің атын Темірхан деп қояйық" демесі бар ма? Бәрі қостай кетті. Сөйтіп екінші ұлымның атын Елбасы қойды, – деді сол бір жастық шақты, Теміртауда өткен қызықты күндерді сағына еске алған Сәния апа.

Рахымжан ағаның жары енді бір арманы бар екенін де жасырмады. Ол –Нұрсұлтан мен Сараны бір рет болса да жүзбе-жүз көру.

Шалым Нұрсұлтанмен екі рет жүздесті. Екеуінде де "Сәния аман ба, жағдайы қалай?" деп сұрапты. Арада қанша жыл өтсе де мені ұмытпапты. Мен де оларды ұмытқан жоқпын. Олармен бірге болған жастық шақтағы әрбір отырысымыз, көңілді кештеріміз, отбасымызбен араласқан қызықты күндер әлі жадымда. Тек, аздап жүре алмай қалғаным болмаса, ештеңені ұмытқан жоқпын. Үнемі жетістіктеріне қуанып, теледидардан көріп тілектес болып отырамын, – дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы