Бас жаңалықтар
Польшадағы сайлау. Екінші "ду"-да Дуда жеңіске жете ала ма?
12 Шілде 2020, 19:45 125

Польшадағы сайлау. Екінші "ду"-да Дуда жеңіске жете ала ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Польшада президент сайлауының екінші кезеңі өтіп жатыр. Тартысқа қазіргі президент консерватор Анджей Дуда мен Еуроодақшыл Варшава мэрі Рафал Тшасковский түсті.

Парламентте көпшілік дауысқа ие оңшыл партия және үкімет қолдаған Дуда екінші бес жылдыққа сайлануды көздейді. Еуропалық парламенттің бұрынғы мүшесі Тшасковский сайлауға негізгі оппозициялық күш “Азаматтық платформа” партиясының атынан түсті. Екі үміткер де 48 жаста.

Президент сайлауының бірінші кезеңі 28 маусым күні өткен. Ол күні таңдау жасаған польшалықтардың 43,5 пайызы Дудаға, 30,5 пайызы Тшасковскийге дауыс берген. Бірінші кезеңде өз таңдауын 30 миллион дауыс берушінің 64.51 пайызы жасаған. Бүгін дауыс беретіндердің үлесі көбірек болады деп жоспарланып отыр.

Дауыс беру кешкі 9-ға дейін жалғасады. Дәл сол уақытта экзитпол нәтижелері жарияланады. Сайлаудың қорытынды нәтижесі келесі аптаның басында хабарланады.

Дуда қайта сайланса, оны қолдаған оңшыл “Заң және әділет” партиясы президент айналасында өз адамдарының болуын қамтамасыз етіп, биліктегі шешуші тетіктердің көбін бақылауында ұстамақ.

Егер Тшасковский жеңсе, ол парламенттегі билеуші партияның заңдарына вето жариялау құқығы арқылы билік тепе-теңдігін қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ Польшаның халықаралық саясаттағы, әсіресе Еуроодақтағы ұстанымы жұмсара түседі.

Дауыс беру коронавирус пандемиясына байланысты қатаң санитария жағдайында өтіп жатыр. Польшада 37 мыңнан астам адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Инфекция жұқтырғандардың 1,6 мыңға жуығы көз жұмды.

Дауыс берушілер маска тағып, қолғап киюге, қашықтық ұстануға және санитайзер пайдалануға міндетті. Тұрғындар сайлау бюллетенін белгілеу үшін өз қаламсабын пайдалана алады. Сайлау комитетінің қызметкерлері де маска тағып, қашықтық ұстануы тиіс. Бюллетень жәшіктері жүйелі түрде залалсыздандырылып, сайлау учаскесі желдетіледі.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...