Екінші деңгейлі банк несиелерін мемлекеттік кепілдендіру тетігі іске қосылды

16 Қыркүйек 2020, 16:24
1916
Бөлісу:
Екінші деңгейлі банк несиелерін мемлекеттік кепілдендіру тетігі іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Екінші деңгейлі банктерден несие рәсімдейтін шаруаларға кепілдендіру механизмі қолжетімді болды. Жоба «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы іске асырылады, деп хабарлады АШМ баспасөз қызметі.

Бұл механизмнің негізгі мақсаты – екінші деңгейлі банктердің ауыл шаруашылығына несие беруін ынталандыру, банктердің несиелік тәуекелдерін бөлу және Агроөнеркәсіп саласын қаржыландырудың тартымдылығын арттыру.

Кепілдендіру жүйесіне екінші деңгейлі банктердің несиесі арқылы инвестициялық жобаларды іске асыруды жоспарлаған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен жеке кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады (АҚ, ЖШС, фермерлік шаруашылықтар, шаруа қожалықтары және т.б.).

Кепілдендіру шартына сәйкес, жылдық мөлшерлемесі 17%-дан жоғары болмайтын 3 млрд теңгеге дейінгі несие сомасының мерзімі 10 жылдан аспауы тиіс. Кепілдеме үшін төленетін комиссия кепілдеме мөлшерінің 30%-н құрайды. Оның 29,9%-н жергілікті атқарушы орган, 0,1%-н ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші төлейді, - делінген ақпаратта.

Кепілдендіру Агроөнеркәсіп кешеніндегі және тамақ өнімдерін өндіру қызметінің барлық түрлері бойынша инвестициялық жобаларды іске асыруға беріледі.

Сондай-ақ, кепілдендірілетін басым инвестициялық бағыттар мыналар:

·        тауарлы-сүт фермалары;

·        етті құс шаруашылығы;

·        қарқынды бақтар;

·        жылыжайлар;

·        қант қызылшасын өсіру және қызылша қантын өндіру;

·        жарма өндірісі;

·        көкөністер мен жемістерді қайта өңдеу;

·        өсімдік майы мен май өнімдерін өндіру.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры несие сомасының 50%-на дейін кепілдендіреді.

Басым инвестициялық жобалар іске қосылғанша кепілдік мөлшері 85%-ға дейін болады. Жоба толық іске қосылғаннан кейін кепілдік мөлшері 50%-ға дейін төмендейді.

 

Өзгелердің жаңалығы