Екібастұздық өрт сөндірушілер екі адамды құтқарды

3 Қаңтар 2022, 15:37
957
Бөлісу:
Екібастұздық өрт сөндірушілер екі адамды құтқарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Екібастұздық өрт сөндірушілер бес қабатты үйде шыққан өрттен екі адамды құтқарды, деп хабарлайды Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметі.​

Өрт туралы хабарлама № 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне 1 қаңтарда сағат 17:55-те келіп түсті. Өрт М.Әуезов көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатының төртінші кіреберісінде болған. Құтқарушылар келіп, екі бөлмелі пәтердің залындағы заттардың және 12 шаршы метр балконның жанып жатқанын анықтады. Қатты ыстықтан пластик терезе балқып кеткен. Нәтижесінде қою түтін шыққан.​

Үстіңгі қабаттағы пәтерлердің бірінде әйел адам немересімен бірге қалып қойғаны жайлы бір әйел хабарлады.​

Бөлімше командирі Айнар Кендиров бесінші қабаттан үшінші қабатқа дейін 45 жастағы әйелді көтеріп алып сыртқа шығарған. 

Қарауыл бастығы Бейсенбай Сыздықов бесінші қабаттан баспалдақпен 2019 жылғы баланы көтеріп алып шықты. Жедел жәрдем құтқарылғандарды қарап шығып, ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ екендігі анықтады.

Сондай-ақ, өрт сөндірушілердің сүйемелдеуімен тағы бір адам өздігінен эвакуацияланды, өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін 6 адам сыртқа шығып үлгерген. Оның біреуі бала. 

Өрт сағат 18:30-да сөндірілді. Мамандардың өрттің шығуына жоғарғы қабаттан лақтырылған темекі себепші болуы мүмкін деген болжам жасады. Өрт орнында Павлодар облысы ТЖД жеке құрамының 7 адамы мен 1 техникасы, «103» қызметі, қалалық электр желісі жұмыс істеді.

Өзгелердің жаңалығы