Екібастұздық кәсіпорын бір жылда 300 мың теміржол дөңгелегін шығармақ

7 Ақпан 2021, 17:04
1402
Бөлісу:
Екібастұздық кәсіпорын бір жылда 300 мың теміржол дөңгелегін шығармақ
Фото: автордан

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Екібастұз өңіріндегі теміржол дөңгелектерін шығаратын кәсіпорын жылдық қуаттылығын 300 мың данаға жеткізбек. 

Өткен жылы Орталық Азиядағы жалғыз кәсіпорын 165 мың дана дөңгелек шығарған. Өнім еуропалық стандарттарға ие. Өндіріс ошағы толық автоматтандырылған, жұмыс үрдісі толық цифрландырылған. 

Мамандардың айтуынша, былтырғы жылы шығарылған өнімнің 40 мың данасы Қазақстанның ішкі нарығына жөнелтілген. Қалғаны Ресей, Беларусь, Өзбекстанның теміржол саласына экспортталды. Салада аса қажет өнім үшін шикізат, яғни арнайы болат көршілес Ресейден тасымалданады. 

Зауыт екі жыл бұрын іске қосылды. Қазіргі уақытта заманауи жабдықтар әкелінген. Карантин салдарынан оны іске қосатын чехиялық мамандар келе алмай отыр. Шектеу шаралары алынып тасталған соң жаңа құрал-жабдықтар іске қосылады. 

Екібастұздық кәсіпорын бір жылда 300 мың теміржол дөңгелегін шығармақ

Кәсіпорын бас инженерінің орынбасары Тимур Тұрсымбаевтың айтуынша, зауытта кадр тапшылығы бар. 

Біздің компанияда 750 мың адам жұмыс істейді. Маман тапшылығы бар. Зауыт жаңа болғандықтан, жаңа мамандық иелері қажет. Мәселен, станокты басқару операторы, машина жасаушылар, реттеуші-инженелер, металлургтер керек. Өндірісіміз болашақта жаңғыртылады. Сол сәтте де мамандар керек болады, - дейді маман. 

Мәселенің түйінін тарқату үшін Павлодардағы жоғары оқу орындарының профессорлары тартылмақ. Жас мамандар дуалды білім беру жүйесі бойынша даярланбақ. 

Ал Екібастұздағы «Қазақстан вагон жасау компаниясы» кәсіпорнында тапсырыстың жоқтығы проблемасы болған. Осы жылы кәсіпорын 1,5 мың жартылай вагон жасауға тапсырыс алған. Компания жұмысының қайта басталуы 400 тұрақты жұмыс орны құруға сеп болмақ.

Өзгелердің жаңалығы