Екібастұзда 144 отбасы қоныс тойын тойлады

15 Қазан 2020, 00:21
1538
Бөлісу:
Екібастұзда 144 отбасы қоныс тойын тойлады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Баспана кілтін екібастұздық 144 отбасыға Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов табыс етті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Пәтер кілтін алған тұрғындар жаңа үйдің алдында өңір басшысымен бірге шырша отырғызды. Екібастұздықтар бұл ағаштар 8-10 жылдан кейін ауланың ажарын кіргізетіне сенімді.

Бүгін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 144 отбасы пәтер алатынына қуаныштымын. Биыл Екібастұзда ауданы 56 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріледі, бұл 1000-нан астам пәтер. Қалада мұндай көлемде тұрғын үй құрылысы болмағалы біраз уақыт болды. Әр отбасына бақыт пен амандық тілеймін. Сіздерді жаңа қоныстарыңызбен құттықтаймын! - деп атап өтті Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Алғаш болып пәтер алғандардың бірі – Гүлмира Асқарова. Көпбалалы әрі жалғызілікті ана бұл күнді сегіз жыл күткенін айтты.
Менің бірінші балам мүгедек, жолдасым жоқ, пәтер кезегінде тұрғаныма сегіз жыл болды. Бүгін менің төбем көкке жетті. Неше жылдан бері аңсаған арманым орындалды. Осындай керемет үй салып берген мемлекет пен құрылысшыларға алғысым шексіз, - деп ол қуанышын жасыра алмады.
Жуырда жаңа тоғыз қабатты үй пайдалануға берілген шағын ауданда тағы төрт үйдің құрылысы аяқталады. Жоспар бойынша жыл соңына дейін бұл аулада 432 отбасы тұратын болады.


Өзгелердің жаңалығы