Екібастұз ЖЭС-те көз жұмған жұмысшының анасына ақшалай көмек көрсетілді

5 Ақпан 2019, 08:35
2733
Бөлісу:
Екібастұз ЖЭС-те көз жұмған жұмысшының анасына ақшалай көмек көрсетілді

Фото: автор

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Екібастұз жылу электр станциясындағы апат салдарынан көз жұмған Ержан Жақсылықовтың анасына 1 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, 40 жастағы ауысым бастығының мойнында болған 7 млн теңгенің несиесін кәсіпорын басшылығы өтейтін болды.

Бұл туралы Екібастұз жылу электр станциясының басшылығы мәлімдеді. Қазіргі уақытта жұмысшы өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

«Тергеу амалдары аяқталған жоқ. Оқыс оқиға қаңтардың 26-нан 27-не қараған түні болды. Еңбек инспекторлары тексеріс жұмыстарын 10 жұмыс күні жүргізеді. Жұмыс комиссиясының құрамына прокуратура, салалық мекемелер мен жұмыс беруші тараптың өкілдері енді. Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық кодексі 156-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бүгін де бірнеше сараптама жүргізілді», - дейді облыс бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы Сергей Чигвинцев.

Бұған дейін хабарлағандай №8 қазандық барабанындағы су деңгейінің төмендеуі салдарынан агрегаттың жұмысы тоқтап қалған. Яғни, бу сыртқа тарап, қазандық жұмысын тоқтатқан. Бұл туралы станцияның ауысым бастығы Е. Жақсыбаевқа машинист хабарлаған. Қазандық турбиналық цехы бастығының мүрдесі агрегаттан 18 метрлік жерден 30 минуттан кейін табылды.

Өндірістік апаттың құрбаны Ержан Жақсыбаевтың ағасы Сәкен Келдібаев марқұмның артында жасөспірім қызы қалғанын және Астанаға көшуді жоспарлап жүргенін айтып берді.

«Ержан инстуттан соң осы танцияда 10 жыл еңбек етті. Жұмысы қауіпті әрі қиын болса да, жұмысын сүйетін. Жылу маусымы аяқталысымен Астанаға көшуді жоспарлаған еді. Оның артында 14 жасар қызы қалды. Ұжымға алғыс айтқым келеді. Отбасына қолдау көрсетіп, жерлеу рәсімінің шығынын өз мойнына алды. Енді тергеу амалдарының нәтижелерін күтудеміз», - дейді Сәкен Келдібаев.

Ақмаржан Әділбек

Өзгелердің жаңалығы