Екібастұз өңірінде тұрғын үй құрылысы рекордтық көрсеткішке жетті

7 Ақпан 2021, 15:38
2354
Бөлісу:
Екібастұз өңірінде тұрғын үй құрылысы рекордтық көрсеткішке жетті
Фото: автордан

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Екібастұз қаласында алдағы үш жылда 3,5 мың отбасы баспаналы болмақ. Бүгінде екі шағын ауданның құрылысы жүріп жатыр. 

Өткен жылы энергетиктер мен кеншілер қаласында 12 көпқабатты үй бой көтерді. Жалдамалы пәтер кезегінде тұрған 600-ден астам тұрғын өз пәтерлеріне ие болды. 

Шаһар басшысы Ардақ Қаңтарбаевтың мәліметінше, қазіргі уақытта дайын тұрған 432 пәтер көктемде кезекте тұрғандар арасында үлестіріледі. 

Оған дейін көпқабатты нысандардың аумағы толық абаттандырылу керек. Алдағы уақытта тағы сегіз үй салынады. Осы күні төрт нысан бойынша қаржыландыру бар. Сонымен қатар әлеуметтік әлжуаз топтардың қатарындағы азаматтар үшін 84 пәтерді сатып алу жоспарда бар. Қаланы дамытудың концепциясы шеңберінде алдағы үш жылда 213 мың шаршы метр үй қолданысқа берілмек. Бұл - 3,5 мың пәтер, - дейді Ардақ Қаңтарбаев. 

Қалалық құрылыс бөлімінің мәліметтеріне сүйенсек, 2020 жылы 68,5 мың шаршы метр салынды. 

Бірыңғай тұрғын үй саясатын жүзеге асыру аясында 936 жаңа пәтер бой көтерді. Нақтырақ айтқанда, 10 көпқабатты үй салынып, екі көпқабатты үй қайта жаңғыртылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 7,3 млрд теңге, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1,9 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта тұрғын үй кезегінде 5700-ден астам азамат тұр, - дейді қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерсайын Әушәкімов. 

Кезекшілік жыл сайын кем дегенде 500 адамға көбейіп келеді. Сондықтан стратегиялық жоспар аясында 2023 жылы кезекшілікті 3800 адамға төмендету көзделген.  

Өзгелердің жаңалығы