Екібастұз қаласының экономикасына 162 млрд теңге инвестиция құйылды

6 Ақпан 2020, 19:15
3105
Бөлісу:
Екібастұз қаласының экономикасына 162 млрд теңге инвестиция құйылды
Фото: автордан

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Екібастұз қаласының экономикасына 162 млрд теңге тартылған. Бір жыл ішінде ілкімді жобалар жүзеге асырылып, жемісін берді.

Жалпы, бүгінгі таңда энергетикалық өлкеде жеті потенциалды инвестордан құралған жасақ қалыптасты. Олар 2025 жылға дейін аймақтың өнеркәсіптік саласына 350 млрд теңгеден астам қаржы құюға ниетті.

15 гектар жерді алып жатқан қызанақ өсірілетін жылыжайдың екінші кезеңі іске қосылды. 80 жаңа жұмыс орны құрылды. "Шығыс" кенішінің әкімшілік-тұрмыстық кешендері салынып, екі мыңнан астам жұмысшының жағдайы жақсарды. Ал "Богатырь-Көмір" кәсіпорындары көмірді қазудың авто-конвейерлік технологиясына көшіп, өнімділікті 50 млн тоннаға арттырмақ. Айта кетейік, инвестициялаудың негізгі көзі - мемлекеттік бюджет емес, жекеменшік қаржы. Бұл қаржының тең жартысы тау-кен өнеркәсібіне бағытталған, - дейді Екібастұз қаласының әкімі Ержан Иманзайыпов.

Инвестициялардың Екібастұз өңірінде шоғырлануының өзіндік себебі бар. Аймақтың артықшылығы - арзан электр энергиясында. Келешекте екінші мемлекеттік аймақтық электр станциясының үшінші энергоблогын жаңарту жобасы жүзеге асырылады. Сонда құрылыс барысында қосымша 800 жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар, қосымша 636 мегаваттық қуат өндірілмек.

Айта кетейік, қала маңында индустриалдық зонаны дамытуға 654 гектарлық жер қарастырылған. Аймақтың экономикалық көрсеткіштерінің артуына бірқатар мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру сеп болған. Есептік кезеңде шағын және орта бизнестегі жұмыс істеп тұрғын нысандардың саны 4%-ға артқан.

"Бизнестің жол картасы-2020", "Қарапайым заттар экономикасы", "Еңбек", "Сыбаға" бағдарламалары шеңберінде 204 жоба жүзеге асырылды.

Өзгелердің жаңалығы