Әлеуметтік саладағы екі карта. Айырмашылық бар ма?

22 Ақпан 2020, 10:13
3272
Бөлісу:
Әлеуметтік саладағы екі карта. Айырмашылық бар ма?
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министрдің жаңадан тағайындалған орынбасары Ералы Тоғжанов дүйсенбі күні өткен алқа отырысында еңбек министрі Біржан Нұрымбетовке жыл соңына дейін "бүкіл республика бойынша ID-карталар іске қосылсын" деп тапсырма берді. Вице-министр айтқан "отбасының әлеуметтік картасы" мен "Азаматтардың әлеуметтік ІD картасы" деген не? Мұның мүлдем екі түрлі пилоттық жоба екенін білмейтін қазақстандықтар біршама түсінбей, шатасып жүр. Қиын жағдайға тап болған отбасыға дер кезінде қол ұшын созуды көздейтін "отбасының әлеуметтік цифрлық картасы" мен банктік картаның негізінде жасалған азаматтардың "әлеуметтік ІD картасының" аражігін ажырату үшін ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Цифрландыру департаментінің бас сарапшысы Ернұр Төлеужанның пікірін білген едік. 

Бізде 2 жоба бар. Екеуі – екі түрлі жоба. Оны шатастырмаған жөн. Бірінші жобамыз – "Отбасының әлеуметтік картасы". Бұл қазақстандықтардың 100% азаматтарының картасы. Яғни, бұл дегеніміз – Қазақстандағы 18 миллион халықтың әр азаматтарының картасы бар деген сөз. 7 миллион отбасыны қамтиды. Министрліктің ақпараттық жүйесінде 7 миллион отбасының деректері енгізілген. Бұл жанұяның қандай өмірлік жағдайда екенін көрсете алады. Күрделі немесе дағдарыс жағдайынан шығу үшін жұмыстарын айқындайды. Мысалы, 5 критерий бар. Соның төртінші және бесіншісі – дағдарыстық жағдайдағы отбасыларға көмек беру. Мәселен, әлеуметтік жағдайы өте төмен отбасыларға. 52 көрсеткіш бойынша 24 мемлекеттік органның ақпараттық деректер қорымен интеграция жасалды. Енді біз бүкіл жанұяға қатысты мәліметтерді көріп отырамыз, - деп бастады өз сөзін Цифрландыру департаментінің бас сарапшысы Ернұр Төлеужан.

Демек, отбасының қандай жағдайда екенін көрсететін әлеуметтік карта арқылы ел Үкіметі 7 миллион отбасыны бақылап отырады. Оның үстіне, өткенде ғана министр осы әлеуметтік картаның арқасында қыркүйекте 505 отбасы өмірлік қиын жағдайдан шығарылып, 533 әлеуметтік қолдау шарасы көрсетілді деп мәлімдеген болатын. 

Өз кезегінде бас сарапшы 24 мемлекеттік органдармен интеграция қалай жүргізілгенін түсіндіріп берді. 
Мәселен, "Жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасы" деген бар. Ол Әділет министрлігіне қарайды. Ол жерде әр адамның жеке деректері тіркелген. Онда тек қана ЖСН, яғни жеке сәйкестендіру нөмірі болады. Жеке басты куәландыратын құжат сияқты. Және де басқа меморгандар бар – ҚР Ішкі істер министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, жалпы барлық министрліктерде бар деректер кіріктірілді. Отбасының картасын жасайтын кезде деректердің бәрі бізде интеграция арқылы алынып отырады. Отбасының құрамында мүгедек жандар бар ма, неше баласы бар, бір үйде қанша адам тұрып жатыр – соның барлығы. Пилоттық жоба болып 2019 жылы басталды. "Отбасының әлеуметтік картасы" республика бойынша жасалып жатқан дүние. Жергілікті атақарушы органдармен және жұмыспен қамтамасыз ету орталықтарымен бірлесе отырып, бар деректерді біздің ақпараттық жүйеге енгіздік. Бізде жиналып, бір үлкен база қалыптасты, - деп атап өтті ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі. 

Бұдан кейін ведомство өкілі министрлік жүзеге асырып жатқан тағы бір жоба – "Қазақстан азаматының әлеуметтік ID" картасына тоқталды. 
Екінші жоба бұл – "Азаматтардың әлеуметтік ІD картасы". Бұл банктік карта базасында жасалған. "Қазпошта" Акционерлік қоғамы жобаның операторы ретінде белгіленді. Біріншіден, азаматтық картаны "Қазпошта" тегін береді. Алғашқы жылы – тегін, келесі жылдан бастап коммерциялық бойынша төлемдерді ұстап қалып отырады. Қазіргі уақытта 48 мың ІD карта шығарылды. Ең бірінші болып Ақтөбеде жасалды. Кезең-кезеңімен өткізілді. Атаулы әлеуметтік көмек, зейнетақы, түрлі жәрдемақылар солар төленіп отырды. Бұл банктік картаның негізінде жасалған азаматтардың ІD картасы. Бұл картаның ішінде азаматтың жеке кабинеті болады. Азаматтың жеке кабинетінде деректер жазылады. Статусы көрсетіледі. Ол оқушы ма, жұмыскер, қызметкер ме, зейнетақы ала ма. Осының бәрі тіркеледі, - деді Ернұр Төлеужан. 

Оның сөзіне сүйенсек, "әлеуметтік ID карта" атаулы әлеуметтік көмек төлеуді, көпбалалы және табысы аз отбасылардың балаларын мектепте тегін тамақтандыруды, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруді көздейді. Сондай-ақ, әлеуметтік жәрдемақы алудың ашықтығын қамтамасыз етеді. 
Мысалы, қоғамдық көліктерде электрондық билеттеу жүйесі енгізілді. Ақтөбеде біз бәріне бір ғана карта бердік. Жас категориясына қаралмайды. Балаға да, қарияға да, жұмыскерге де – бәріне бір карта. Қоғамдық көлікте валидация жүргізген жағдайда автоматты түрде оның ішінен ақшасы, қаражаты алынады. Мәселен, жеңілдігі бар болса, жеңілдікпен алынады, - деп түсіндірді спикер.  

Бұл орайда, ол "Өңірлер бойынша алғашқы пилоттық жобаға неге Ақтөбені таңдадыңыздар?" деген сұраққа жауап берді.
Нұр-Сұлтан қаласында "Астана LRT" картасы бар. Алматыда "Оңай" картасы бар. Бірақ, олар тек қоғамдық көлікте жолақысын төлеу үшін жасалған. Ал, бізде Ақтөбе қаласы – еліміздегі цифрландыруға дайын болған қалалардың бірі болды. Сондықтан, бізге пилоттық жобаны бірінші Ақтөбеде іске қосу ыңғайлы болды. Біздің картаны оқитын валидаторлар енді жаңадан қойылып жатты. Сол себепті осындай шешім қабылдадық. Бұл жаңа пилоттық жоба 2019 жылдың шілде айынан бастап іске қосыла бастады. Жуырда ғана бастадық. Оның қателіктері мен кемшін тұстары да болуы мүмкін. Оң әсері мен жақсы жақтары да жетерлік. Дегенмен де біз анализ жасап, сараптаймыз. Халыққа ыңғайлы, оңтайлы әрі тиімді етіп қана жобаны толығымен ұсынатын боламыз. Әзірге, бұл – сынақтан өтіп жатқан пилоттық жоба, - дейді департаменттің Бас сарапшысы. 

Министрлік өкілі дүйсенбі күні өткен кеңейтілген алқа отырысында ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов пилоттық жобаны 1 шілдеге дейін аяқтауға тапсырма бергеніне назар аударды. Сондықтан да, қазір Еңбек министрлігі мен "Қазпошта" Акционерлік қоғамы бірлесіп, жобаның артықшылықтарын жіті сараптап жатыр. 
Азаматтардың "әлеуметтік ІD картасы" жобасын іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен ешқандай қаражат бөлінген жоқ. "Қазпошта" АҚ карталарды тегін береді. Мемлекет тарапынан қаржы жұмсалған жоқ. Жобаны бастамас бұрын еліміздегі бірнеше банктермен жұмыс істедік. Негізі әлеуметтік көмектердің көбісі "Halyk" банкімен көрсетіледі. "Қазпошта" Акционерлік қоғамы өзі алға шығып, өзі бастамашылық етіп, қазір копаниямен бірлескен жұмысты бастап кеттік, - деп түйіндеді өз сөзін Цифрландыру департаментінің бас маманы Ернұр Төлеужан.
Сонымен, үкіметтің жаңа пилоттық жобасы саналатын "әлеуметтік карта" әлеуетті арттыра ала ма, жоқ па – бұл уақыттың еншісінде. Нәтижесін шілдеде көруге үміттіміз.



Өзгелердің жаңалығы