Өңірлерде егіс науқаны аяқталды - министр

18 Маусым 2019, 12:18
1463
Бөлісу:
Өңірлерде егіс науқаны аяқталды - министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ведомствоның 2019 жылдың 5 айында атқарған жұмыстарын қорытындылады. 

Ол 2019 жыл жақсы нәтижелермен басталғанын айтты. 5 айдың қорытындысы бойынша жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі – 3,7%, тамақ өнімдерін өндіру – 1,2%, сусындар өндіру 18,9% өскен. Салаға 5 ай ішінде 124,3 млрд теңге инвестиция тартылды.

«Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру 3,6% өскен. Бұл өсімге «Сыбаға», «Алтын асық» және «Ырыс» бағдарламалары әсер етті. 5 айдың өзінде осы бағдарламалар арқылы 254 шаруашылыққа 41,8 мың бас ірі қара мал сатып алуға, 340 шаруашылыққа 132,1 мың бас  ұсақ мал аналық бас сатып алуға кредит берілді. «Ырыс» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері жалпы мал саны 2000 басты құрайтын 3 тауарлық сүт кешені пайдалануға берілді», - деді Омаров.

Министр егіс жұмыстарының уақтылы жүргізілуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданғанын айтты.

«Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 60 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. 60 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 2012 өтінімімен жұмыс істеу қолға алынып, 1912 өтінім 55,9 млрд теңге сомасына қаржыландырылды. Қалған қаражат егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға бағытталатын болады», - деді министр.

Ол «ҚазАгро» холдингінің қаражаты есебінен 10,1 млрд теңгеге 269 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге кредит берілгенін, нәтижесінде бүгінгі күні барлық өңірде егіс науқаны аяқталғанын айтты.

«Жалпы көктемгі егіс алаңдары – 19 млн га, оның ішінде дәнді дақылдар – 14,5 млн га, майлы дақылдар – 2,7 млн га, көкөніс-бақша дақылдары мен картоп – 458,3 мың га, азықтық дақылдар –1,2 млн га, техникалық дақылдар (қант қызылшасы, мақта, темекі) 144,0 мың га құрады», - деді Омаров есеп беру кездесуінде.

Өзгелердің жаңалығы