Федор Войтоловский: Халық – кез келген одақтағы маңызды тұлға

18 Сәуір 2019, 08:51
1726
Бөлісу:
Федор Войтоловский: Халық – кез келген одақтағы маңызды тұлға

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада өткен "Идеядан шынайы болмысқа: Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық бастамасына 25 жыл" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Ресей ғылым академиясының Е.М. Примаков атындағы Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар ұлттық зерттеу институтының директоры Федор Войтоловский еуразиялық ықпалдастықтың нәтижелері мен болашақтағы әлеуеті туралы ойларымен бөлісті.

- Федор Генрихович, сарапшылар одақтың - Назарбаев идеясынан бергі 25 жылдың нәтижесін жалпылама баяндап жатыр. Жалпыны нақтылап, осы уақыт ішінде еуразиялық ықпалдастық идеясынан түскен нақты бір, болмаса, бірнеше нәтижесін сипаттап беріңізші?

- Біріншіден, осы идеяның арқасында еуразиялық экономикалық одақ құрылғаны басты нәтиже деп ойлаймын. Себебі, экономикалық ықпалдастықтың бірыңғай кеңістігін, бірыңғай еркін сауда және инвестиция кеңістігін құру маңызды міндет болды және ол орындалды.

Екінші маңызды бір нәтиже – ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының құрылуы мен бүгінгі қызметі. Өйткені, қауіпсіздік жоқ жерде ешқандай да экономикалық ықпалдастық орнай алмайды. Бұл жерде қауіпсіздік деп тұрғаным – экономикалық ынтымақтастық пен экономикалық қарым-қатынастың, сауда жолдарының қауіпсіздігі. Сондықтан, бұл нәтиже Ресей үшін әрдайым маңызды және біз Қазақстанды осы бағыттағы негізгі серіктесіміз деп білеміз.

Үшіншіден, әрине, Ресей мен Қазақстанның, жалпы, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің ынтымақтастығы негізінде өзге елдермен де жан-жақты, экономикалық және саяси байланыс орнап келеді. Менің ойымша, еркін сауда аймақтарын қалыптастыру, нақтырақ айтсам, Вьетнаммен еркін сауда аймағын құру, оңтүстік-шығыс Азиядағы Сингапурмен, Иран, Үндістан, Қытай сынды елдермен қарым-қатынастың жаңа жүйелерін орнату да басты нәтижелердің бірі болды.

- Қарапайым азамат ретінде әрине мен де саясат пен тұрақтылықты жақтаймын, бірақ, Еуразиялық экономикалық одақтан басқа да жастар сияқты өзім үшін әлеуметтік-экономикалық пайда, даму көргім келеді. Бұл тұрғыда, Еуразиялық экономикалық одақ өзіне мүше елдердегі азаматтардың дамуы, жұмыс істеп, мүмкіндіктерін кеңейту үшін қандай жағдай жасап отыр деп ойлайсыз? Жалпы, одақ қарапайым халық үшін пайдалы жоба бола алды ма?

- Бұл – ең басты мәселе. Адами капиталды дамытуға ортақ күш салуды негізгі мақсат дер едім. Себебі, кез келген процестегі маңызды тұлғалар – ол қарапайым халық. Халық – бүкіл ынтымақтастықтың негізгі иесі деуге болады. Сондықтан, білім берудегі байланыстарды қалай дамытып, жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге қалай жол ашсақ, ғылымдарға қалай мүмкіндік жасасақ, сондай нәтиже аламыз.

Яғни, Еуразиялық экономикалық одақ аясында ғылыми, мәдени-гуманитарлық байланыстарға көп көңіл бөле бастадық. Жалпы, мәдениет, әдебиет, театр мен кинематография – әлеуеті зор, одақ аясында мүмкіндіктері әлі толық ашылмаған салалар. Бірыңғай мәдени, гуманитарлық кеңістік құру – бірыңғай экономикалық, тіпті, саяси кеңістік құрудан да маңызды. Себебі, елдердің адамдары бір-бірімен диалог орнатса, қоғамдар арасында түсіністік болса, халықтар бір-бірінің мәдениетін танып, түсінсе, жаңа білім іздеп, ғылымға ұмтылса – осы сенім арқылы экономикалық байланыс орнату оңай болады.

Және, менің ойымша, елдердегі бизнес қауымдастықтардың өзара берік байланыс орнатуы да өте керек нәрсе. Бұл бағытта да даму бар. Ресейдің Қазақстанға құйған инвестициясы 2018 жылы 30 пайызға көбейді. Сол сияқты Ресейге келіп жатқан қазақ инвестициясының көлемі де тез өсіп келеді. Ресейде кәсіптерін дамытып отырған қазақ бизнесмендерінің барын білеміз.

- Конференцияға жиналған кейбір сарапшылардың ойы еуразиялық ықпалдастық идеясы айтылғаннан бері 25 жыл ішінде идея әбден жүзеге асып, бүкіл потенциалы ашылып қойғандай әсер қалдырды. Бірақ, үлкен ынтымақтастықтар үшін 25 жыл аз уақыт сияқты көрінеді. Халықаралық саясаттанушы ретінде өзге де халықаралық ұйымдардың тарихымен салыстыра отырып, айтыңызшы, Еуразиялық ықпалдастықтың бүкіл әлеуеті осымен ашылып қойды ма, әлде әлі де ашыла ма? Бұл идеяның болашағын қалай көресіз?

- 25 жыл – өте аз уақыт, әсіресе, мұндай халықаралық процестер үшін. Еуропалық ықпалдастықтың тарихын алып қарайық, яғни, Еуропалық одақтың. Еуропалық ықпалдастық тарихы басталғаннан кейінгі 25 жылда олар неге қол жеткізді, соған үңілейікші. Еуропа елдері ықпалдасу процесі басталғаннан кейін 25 жылдан соң экономикалық байланыстарының қарқынын енді арттырып, көмір мен темірдің еуропалық бірлестіктерін енді құра бастаған. Яғни, оларда 25 жылдың ішінде тіпті Еуропалық одақ әлі құрылмаған да еді. Сондықтан, біздің даму бағдарымыз дұрыс деп ойлаймын.

-Жуырда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатып, президенттіктен кетті. Ресей саясаттанушылары бұл жаңалыққа қандай баға берді?

- Мен тек өз пікірімді, өз ойымды ғана айта аламын. Мен Нұрсұлтан Әбішұлына посткеңестік елдер арасындағы жеңісті көшбасшы ретінде үнемі құрметпен қараймын. Назарбаев Қазақстанды жаңғыртуда ауыз толтырып айтатындай жобаларды іске асырған адам. Қазақстан экономикасының дамуы жалпы жаман емес, сондықтан, Назарбаев елді дамытудың дұрыс негізін қалады деуге болады. Оның президенттік лауазымнан кетуі де елдегі конституциялық процестердің дамуына, Қазақстанда демократияның, саяси жүйенің дамуына жол ашады деп ойлаймын. Ал, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президенттік сайлауды белгілей отырып, Қазақстанда жалпы халықтың таңдауға мүмкіндік береді деп ойлаймын.

-Сұхбатыңызға рақмет!

Өзгелердің жаңалығы