Бас жаңалықтар
ЕАЭО елдерімен шекарада 32 ветеринариялық бақылау пункті орнатылады
02 Сәуiр 2019, 12:28 793

ЕАЭО елдерімен шекарада 32 ветеринариялық бақылау пункті орнатылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан сәуір айынан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен шекараға жақын жерлерде 32 ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау пунктін орнатады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров сейсенбідегі Үкімет отырысында мәлімдеді. 

«Еліміздің ветеринариялық және фитосанитариялық қызметтерінің белсенді жұмысының арқасында басқа елдердің тізілімдеріне барлығы 2557 қазақстандық экспорттаушы кәсіпорын, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ тізілімінде 2212 отандық кәсіпорын енді. Ресейдегі алдын ала хабарлау пунктері секілді Қазақстан сәуір айынан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен шекараға жақын жерлерде 32 ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау пунктін орнатып жатыр», - деді Омаров. 

Министрдің айтуынша, әрбір бақылау пункті Қазақстанның және шекаралас Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қызметтерімен өзара ақпараттық іс-қимыл жасасу үшін техникалық жарақтандырылған. Сондай-ақ әрбір бақылау бекетінде экспресс-талдау жүргізуге арналған жылжымалы зертхана және кері қайтару мүмкін болмаған, ел аумағын залалдау қаупі жоғары болған аса қауіпті жүктерді жоюға арналған қазіргі заманғы пеш бар.

«Аталған пунктілерде тауарлардың келіп-кетуіне бақылау жүргізу басқа да мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жүргізуін қажет етеді. Мәселен, шекарашылар мен кеденшілерден тауарлардың шекара арқылы өткені туралы шұғыл ақпаратты бақылау пунктілеріне жеткізу, Ішкі істер департаментінің автоинспекторларынан және Көлік комитетінің көліктік бақылау инспекторларынан көлік құралдарын тоқтату және құжаттарын тексеру, қажет болған жағдайда, кері қайтарылатын жүктерді шекараға дейін алып жүру бойынша жәрдем қажет болады», - деп айтты Ауыл шаруашылығы министрі.

Оның айтуынша, бұл іс-шаралар тауарлардың импорты мен транзитін тиімді бақылауға, ветеринариялық, фитосанитариялық және тамақ қауіпсіздігі талаптарына, сондай-ақ техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін өнімдерді ел аумағына кіргізуге жол бермеуге мүмкіндік береді.

«Шекарада бақылаудың күшейтілуі аса қауіпті аурулар бойынша елімізді саламатты деп тану мәселелерінде бұған дейін қол жеткізілген жетістіктерді сақтап қалуға және шошқалардың классикалық обасы, құс тұмауы бойынша саламатты екенімізді танытуға көмектеседі. Ал бұл өз кезегінде экспорт географиясын кеңейтуге және қазақстандық өнім экспортының көлемін арттырады», - деп айтты Омаров Үкімет отырысында.

Министрдің сөзінше, бұл жұмысқа барлық бақылау-қадағалау органдары, соның ішінде Бас прокуратура да түсіністікпен қарауы тиіс.

Осыған дейін бруцеллезді анықтау енді бүкіл табынға жүргізілетіні туралы айтқанбыз. Жыл басынан бері жануарлар ауруларының 20 ошағы тіркелген



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...