ЕАЭО аясында іске қосылған «шекарасыз жұмыс» жобасы жайлы не білеміз?

26 Шілде 2021, 10:45
3608
Бөлісу:
ЕАЭО аясында іске қосылған «шекарасыз жұмыс» жобасы жайлы не білеміз?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында «шекарасыз жұмыс» жобасы іске қосылған. Аталған жоба қалай жұмыс істейтіндігін және алғашқы нәтижелері жайлы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның жетекші сарапшысы Әйгерім Мырзалы айтып берді.

1 шілдеден бастап Еуразиялық экономикалық одақ аумағында «шекарасыз жұмыс» атты жұмыс іздеудің біріздендірілген жобасы іске қосылды. Бұл жоба одаққа мүше Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан және Қазақстанның ұлттық порталдарында орналастырылған. Яғни бос жұмыс орындары мен түйіндемелер бір арнаға тоғыстырылған.

Әйгерім Мырзалының айтуынша, 5 елдің жұмыс іздеушілері өздерінің ұлттық порталына кіріп, түйіндемелерін енгізеді, сол сияқты жұмыс беруші де бос жұмыс орындарын өз елінің порталына ұсынады. Кез келген елдің ұлттық порталында «шекарасыз жұмыс» деген бөлім бар. Ол одаққа мүше елдердің барлығына ортақ бір платформа. Қазақстанда бұл жүйе Электронды еңбек биржасы enbek.kz порталында орналастырылған.

Бұл жүйе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің азаматтары үшін жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Оған қоса жұмыс берушілер үшін бос жұмыс орындарына қызметкерлерді іздеу ортасын ұлғайтады. Жоба іске қосылған 1 шіледеден бері 5 ел бойынша 709 мыңнан астам бос жұмыс орны тіркелген. Қазақстан азаматтары, әсіресе, Ресей мен Беларусь еліндегі жұмыс берушілерге үнқату жіберген. Яғни біздің жұмыс іздеушілерді осы екі елдегі жұмыстар қызықтырған. Ал жұмысқа шақыртудың басым көпшілігі Ресейден, - дейді сарапшы. 

Егер азаматтар одаққа мүше елдер арасында жұмыс тауып жатса, хабарласып, жұмыс талабы мен ұсыныстарын айтып өзара келіседі. Ал жұмысқа тұрарда Одақ аясында жасалған келісімшарт аясында еңбек шарты жасалады екен.

Сондай-ақ бұл келісімшарт азаматтық-құқықтық шарт бойынша да еңбек етуге мүмкіндік береді. Яғни азаматтың алғашқы жұмыс күнінен бастап жұмысқа орналастырушы мемлекет азаматтардың табысына жарна салығын салады. Оған қоса одаққа мүше мемлекеттің еңбекшілері мен отбасы мүшелерін әлеуметтік қамсыздандыру тетігі іске қосылған, - дейді Әйгерім Мырзалы. 

Одақ аясында жұмыс іздеу үшін Қазақстан азаматтары enbek.kz порталында жұмыс беруші немесе іздеуші ретінде тіркелуі керек. Порталдағы «Азаматтарға арналған қызмет» мәзірінде «Шекарасыз жұмыс» деген бөлім бар. Жұмыс іздеуші осы бөлімге өткен соң, өзіне қажетті жұмысты, өз талабын және қай елдерден іздегісі келетінін толтырады. Оған қоса мамандығын және жалақы, жұмыс тәжірибесі бойынша толтырады.

Осы бір ай ішінде жұмыс іздеп жүрген біздің азаматтарға Ресейден 280-ге жуық қызығушылық түскен. Олар көбіне автобус жүргізушісі, автомеханик, тігінші, дәнекерлеуші және тағы басқа жұмыстар бойынша шақырту жіберген. Жалпы бұл платформада жұмысты кез келген саланың мамандары таба алады. Бұл жобаның тиімділігі сол – азаматтар бес мемлекет ішінен өзіне қажетті жұмысты үйде отырып-ақ іздеп, таба алады, - дейді сарапшы. 


 

Өзгелердің жаңалығы