"Еңбек" бағдарламасы: Қостанайда 60 мың адам жұмыспен қамтылған

7 Мамыр 2019, 09:31
2747
Бөлісу:
"Еңбек" бағдарламасы: Қостанайда 60 мың адам жұмыспен қамтылған

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы іске қосылған 2017 жылдан бері Қостанай облысында 13 млрд теңгеден артық қаражат игеріліп, 60 мың адам жұмыспен қамтылған.

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаевтың мәлімдеуінше, жұмысқа тұрғандардың ішінде 25 мыңы әйелдер болса, 20 мыңдайы – 29 жасқа дейінгілер, 3 мыңы – аз қамтылған отбасы мүшелері.

2019 жылы аталған бағдарламаны өңірде жүзеге асыру үшін бюджеттен қаралған 7 млрд 740 млн теңге игерілмек. Кешенді жоспарға сәйкес, еңбекпен қамту шараларымен 25 мыңнан кем емес (24 702) адам қамтылуы керек.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы жолдауында жұмыспен қамту мен еңбек саясатын жаңғырту турасында айтқан болатын. 

«Бізде жұмыссыздарды оқыту мен қайта даярлаудың еңбек нарығына бейімделген айқын бағдарламалары болуы керек. Мемлекет жұмыссыздарға әлеуметтік қолдауды бұл санатқа жататын адам жаңа мамандық игеруін, қайта даярлықтан өтуге бет бұрған жағдайда көрсетуі керек», - деген еді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Осы тапсырмаға сәйкес, еңбекпен қамту жол картасы жасалып, мамандарды қайта даярлау курстары ашылды. Кейін жұмыстар жетілдіріле келе, 2017-2021 жылдарға есептелген "Нәтижелі жұмыспен қамту" және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы құрылды.

Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 2018 жылы Қостанай өңірінде 2603 адам қысқа мерзімді оқуға жіберілді. Кәсіптік-техникалық оқуды қоса есептегенде, биылғы жоспар – 3025 адам. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда 25 колледж бен 4 оқу орталығында сұранысқа ие 50 мамандық бойынша мыңға жуық кадр даярланып жатыр.

«Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты арқылы өткен жылы 1039 адам несие алып, кәсіп бастаған. Олар мыңнан астам жұмыс орнын ашты. Несиеге берілген 3,8 млрд теңгеге 2 мыңнан артық ірі қара, 1 мың ұсақ мал, тағы осынша жылқы, сондай-ақ 11 мың шошқа сатып алынған.

Биыл несиелендіруге қаралған қаражат – 3 млрд 320,6 млн теңге. Бұл сома жеті жүзден артық қатысушыға бөлініп беріледі. Сонымен бірге, 1140 адамға «Бастау Бизнес» арқылы кәсіпкерлік негіздерін үйрету көзделіп отыр. Осы жобамен былтыр 2311 адам оқып, 676 адам шағын несиелер мен гранттарға қол жеткізген.

«Мен қазір Әулиекөл ауданында дәріс оқып жүрмін. Алдыңғы екі жылда алдымнан 401 адамды оқып шықты. Соның 99-ы кәсіп ашты, яғни, әрбір төртіншісі немесе 25%. Бізге берілген меже – 20%. Көбісі кәсіпті жеңілдетілген несиелер арқылы ашып жатыр. Әртүрлі жобаларымен 240 мың теңге грант ұтып алғандар бар. Бітірген тыңдаушыларым негізінен мал шаруашылығымен айналысуда. Пайызға шаққанда – 80%. Биыл жүз адамды оқыту жоспарланып отыр», – дейді бизнес-ұстаз Әбутәліп Әмір.

Көпбалалы, аз қамтылған отбасы мүшелері мен жастардың бизнес идеяларын қолдау үшін биыл республикалық бюджеттен 384 грант бөлінген. Оның игілігін өңірдің 500 тұрғыны көруі тиіс.

Бағдарламаның үшінші бағыты – жекелеген санаттарға жататын азаматтарды жұмысқа тұрғызу. Өткен жылы жұмыспен қамту орталықтарының көмегімен 25 мың тұрғын қызметке орналасқан. Оның ішінде 2 мың адам жастар практикасы мен әлеуметтік жұмыс орындарына тартылған. Осы орайда айта кетейік, бұл екі жол бағдарламаға қатысушыларды тұрақты жұмыспен қамтуға жағдай жасайды. Мысалы, мұны 70-80% қатысушының тұрақтап қалғанынан көруге болады.

Жергілікті атқарушы биліктің жоспарына зер салсақ, ағымдағы жылы 19 мың адам тұрақты һәм уақытша жұмыстарға тартылмақ. Бірінші тоқсанда 4164 адам (жоспардың 17%-ы) еңбекпен қамтылған.

«Көптеген жұмыс орындары тәжірибе, еңбек өтілін сұрайды. Жастар практикасының қолайлы тұсы – мұндай талапты қажет етпейді. Әрине, шамалы уақытта өзіңді көрсету керек. Мен Жангелдин аудандық кәсіпкерлік бөлімінде практикадан өтіп, осында Жастар ресурстық орталығына жұмысқа тұрдым. Бағдарламаның тағы бір тиімділігі – сапалы еңбек етуге ұмтыласың. Яғни, ешқандай таныс-тамырсыз, қабілетің шынайы бағаланады», - дейді Мейрамбек Айбекұлы.    

Қазір өңірде еңбекке қабілетті тұрғындар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 4,8%. Ал белсенділігі төмен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 15,1%-дан 14,4%-ға кеміді.

Еңбек ресурсын арттыру мақсатында өзге аймақтардан көшіп келгендер мен шетелден оралған қандастар да бағдарлама игілігін көріп жатыр. 2018 жылы Тобыл-Торғай жеріне 1076 адам ат басын бұрған: 149 оралман, 927 көшіп келуші. Олармен әлеуметтік келісімшарт жасалып, 217,1 млн теңге субсидия үлестірілген.

Қостанай облысы 2019 жылы 970 көшіп келуші мен 605 оралманды орналастыруға дайын. Осы жылдың алғашқы үш айында екі жүзге тарта қоныс аударушы мен 470 қандасымызға квота берілген.

Өзгелердің жаңалығы