Бас жаңалықтар
Дүниежүзілік тазалық күні: Елордада #EUBeachCleanup экологиялық науқаны ұйымдастырылды
PHOTO
17 Қыркүйек 2021, 13:20 446

Дүниежүзілік тазалық күні: Елордада #EUBeachCleanup экологиялық науқаны ұйымдастырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Дүниежүзілік тазалық күніне орай #EUBeachCleanup экологиялық науқаны ұйымдастырылды. Іс-шараға еліміздегі Еуропалық Одақ өкілдігі, Нидерланды Корольдігі елшілігі мен Эстония елшілігі қатысты.

EUBeachCleanup - бұл бүкіл әлемдегі жағалаудағы аймақтар мен жағажайларды қоқыс пен қалдықтардан тазартуға шақыратын халықаралық науқан. 2008 жылы бастау алған ұйымның негізгі мақсаты – ғаламшарымызды тазалықта ұстау. Қазіргі таңда науқанның өрісі кеңейіп, 180 елдің азаматтарын біріктірген қозғалысқа айналып отыр.


Есіл өзенінің маңында өткен акцияға 70-ке жуық адам қатысты. Тазалық жұмыстары Нұр-Cұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілді. Жергілікті әкімдік науқанға қатысушыларды керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті.


Бүгінгі акцияны қолдауға келген көпшілікке алғысым шексіз! Біздің басты міндеттеріміздің бірі –табиғатты қорғау. Қазіргі таңда пластикалық заттардың көп таралуы қоқыстың көбеюіне әкелуде. Бүгін біз бас шаһардың маңындағы Есіл өзеніне тазалық жұмысын жүргіземіз, - деді Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас.

Оның айтуынша, науқанның негізгі міндеттерінің бірі – жұртшылықтың назарын қоршаған ортаны қорғауға, пластикалық заттардың қаншалықты зиян екенін түсіндіруге бағытталған.



Кейінгі жылдарда Еуропалық Одақ елдерінің жиі көтеретін тақырыбы – «Жасыл әлем». Біз бәріміз таза су ішіп, таза жерде демалғанда жақсы көреміз. Балықшылардың өзі аулаған азығының табиғи болғанын қалайды. Біз қоршаған ортамыздың сақталуына белгілі бір тәртіп орнатуымыз қажет. Өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, өзен жағасында пластикалық қалдықтар көп. Бұл қоқыстарды біз тазартпасақ, пластика өнімдері жер бетінде 100-200 жылға дейін жата береді. Одан кейін өзен мен көлдерге сіңіп, ауаны ластайды. Мұндай процестер болашақ ұрпақтарымыздың денсаулығына кері әсер етеді, - дейді елші.


Сонымен қатар ол өңірде жұмыс істейтін дүйім жұртқа қоршаған ортасындағы қоқыстарды жинап жүруін өтінді. Елшінің мәлімдеуінше, қазіргі таңда кәрі құрлық елдерінде экологияны қорғау мақсатында пластикалық ыдыстар мен пакеттерді пайдаланбайтын адамдар саны артып келеді. Бұл процес, өз кезегінде, пластиканың орнын эко-пакеттермен айырбастап, табиғи өнімдерді сату бизнесін арттырды.


Соңғы уақытта Еуропалық Одақ өкілдері пластиканың орнына қоршаған ортаға қауіпсіз алтерьнативтік өнім ұсынған бизнес өкілдеріне қолдау көрсетуде. Алдағы 2-3 жылда барлық мемлекет мұндай жаңашылдыққа көшеді деп ойлаймын, - дейді Еуропалық Одақ өкілі.


Фото: Артём Чурсинов
Загрузка...