Бас жаңалықтар
Дүнгендер Жамбылда 140 жылдан бері тұрады
02 Мамыр 2019, 08:35 504

Дүнгендер Жамбылда 140 жылдан бері тұрады

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Дүнген халқының бұл өңірдегі тарихы бір жарым ғасырға жуықтайды. Мұндай жағдай даласы  байтақ, көңілі биік, қонақжай, дархан пейіл қазақ халқының, еліміздің арқасында ғана мүмкін болды.

Қордай ауданында этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен өткен басқосуда жергілікті дүнген этномәдени орталығының меңгерушісі Салима Вансинвин осылай деді.

«Достық пен татулық, бірлік мерекесімен барша қазақстандықтарды құттықтаймын! Осы қасиетті топырақтағы барша өзге ұлыстар, ұлттар Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа және дастарханы да, көңілі де ашық қазақ жұртына қарыздар. Өйткені, біз Қазақстан деген ұлы шаңырақтың астында тату-тәтті, бейбіт ғұмыр кешудеміз. Мұндай ахуал жер бетінде сирек кездеседі», - деді ол.

Жиында аймақтағы бірлікпен атқарылған игі істердің қорытындысы сараланып, көңіл жадыратқан ақ тілектер де айтылды. Мереке барысында мерейі шалқып ілтипатқа кенелгендер өз кезегінде алғыстарын жеткізіп, ағынан жарылды.

Өңірдің өсіп-өркендеуі жолындағы ырысты да ынтымақты істі жалғастырып, үлкен мұраттарға жұмыла кірісу ортақ игілік екенін атап өтті. Сонымен қатар әртүрлі ұлт өкілі алдағы уақытта да мемлекеттік, халықтық шараларда ауызбіршілікті сақтап, ұйымдаса жұмыс істеуге уағдаласты.

Айта кетейік, Жамбыл облысындағы Қордай ауданында 30-дан астам түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Бүгінгі таңда олар 8 этномәдени бірлестікте ұйысып,​ ​этносаралық келісімнің нығаюы мен қазақстандық патриотизмді дамытуға өзіндік үлестерін қосып​ келеді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық