ДСМ: 5 500 дәрінің бағасы нақтыланды

14 Наурыз 2019, 17:27
2574
Бөлісу:
ДСМ: 5 500 дәрінің бағасы нақтыланды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен Дәрілік заттар және дәрілермен қамтамасыз ету өтінімдері туралы брифинг барысында мәлім болды. 


«Өткен жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне барлық дәрілік заттардың бағасын реттеу құзыретін белгілейтін заңға қол қойды. Аталған норма ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап күшіне енеді. Қазіргі уақытта біз елдегі дәрілік заттардың бөлшек және көтерме бағасының шегін бекітетін нормаларды әзірледік. Сонымен қатар, белгіленген баға шегін арттырғандар үшін Әкімшілік кодекспен арнайы бап қарастырылған. Бұл 70-1000 АЕК аралығындағы айыппұлдар болмақ», - деді ҚР ДСМ Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова. 

Ол дәрілік заттардың бағасын тұрақтандыруға кедергі келтіретін әрекеттер қайталанған жағдайда, заңды тұлғаның фармацевтикалық қызметпен айналысуына арналған лицензиясының күші жойылатынын айтты. 

«Аталған заң күшіне енгенге дейін біз қазіргі уақытта қолда бар дәрілік заттардың бағасы бойынша мәліметтерді өзектендіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осылайша, қазір бізде 8 мыңға жуық дәрілік зат тіркелген және бүгінгі күнге дейін дәрілік заттардың 5 500 бағасы белгіленген», - деді комитет төрайымы. 

Ведомство өкілі атап өткендей, дәрі-дәрмектер бойынша деректерді өзектендіру барысында саладағы бірқатар олқылықтар да анықталған. 

«Сонымен қатар, мәліметтерді өзектендіру бойынша жұмыстар барысында тіркеу куәлігінің бар екеніне қарамастан дәрі-дәрмектің 10% елге әкелінбеген және сатылмаған. әйткенмен, біз бұл өндірушілермен де бағаны тіркеу бойынша өтініш беру аясында жұмыстар жүргізетін боламыз. Шекті бағаны министрлік жылына екі рет – қаңтар мен шілде айларында бекітетін болады», - деді Бюрабекова.
Ақмарал ШАҒАТАЙ
Өзгелердің жаңалығы