Досаев елден заңсыз ақша шығаруға бақылау күшейетінін айтты

12 Қаңтар 2022, 09:06
1450
Бөлісу:
Досаев елден заңсыз ақша шығаруға бақылау күшейетінін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты.

10 қаңтарда Ұлттық банк, Қаржы мониторингі агенттігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, елден заңсыз ақша шығаруға бақылауды күшейту мақсатында бірлескен бұйрық қабылдады. Жоғарыда аталған бұйрыққа сәйкес мәмілелер мен өтініштер бойынша іс-қимыл алгоритмі қабылданып, күшейтілген қаржылық мониторингке жататын трансшекаралық операциялардың тізбесі бекітілді. Талаптар айқын бұзылған жағдайда мұндай операциялар дереу тоқтатылады, - деді Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаев.

Ол қабылданып жатқан шаралар ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің үздік әлемдік тәжірибесіне негізделгеніне және KYC қағидатына негізделгенін айтты.

Бұл трансшекаралық капитал ағынының ашықтығын қамтамасыз етеді. Мен резиденттер мен резидент еместерді қоса алғанда, сыртқы экономикалық қызметке адал қатысушылардың құқықтары бұзылмайтынын және халықаралық операцияларында шектелмейтінін растағым келеді, - деді ол. 

11 қаңтарда Мәжілісте өткен отырыста мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты капиталды шетелге шығару, оның ішінде жалған мәмілелер жасау арқылы шығу қаупі артқанын мәлімдеген болатын.

Өзгелердің жаңалығы