Түркістан облысында дөрекілік танытқан лауазымды тұлғалар қызметінен босатылды

18 Шілде 2019, 09:25
2796
Бөлісу:
Түркістан облысында дөрекілік танытқан лауазымды тұлғалар қызметінен босатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев мәлімдеді. 

Түркістан облысында барлығы 606 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Оның 445-і жергілікті атқарушы және 161-і орталық органдардың аумақтық департаменттері.

Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында ҚР президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облыстық филиалының директоры Жанат Момынқұлов филиал тарапынан 2019 жылғы 1- жартыжылдық есебі туралы толық баяндама жасады.

Соңғы алты айда департамент тарапынан 32 тексеру жүргізіліп, 1 558 құқықбұзушылық анықталды. Заңсыздықтарды жою мақсатында 98 ұсыныс енгізіліп, 20 қызметкерге тәртіптік жаза қолданылды. Ал 9 лауазымды тұлғаға әкімшілік тарапынан іс қозғалған. Нәтижесінде 231 300 теңге айыппұл өндірілді. 

«Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен 27 лауазымды тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылып, оның ішінде мемлекеттік қызметшіге сай емес мінез-құлық көрсетіп, дөрекілік танытқан 2 лауазымды тұлға және сыбайлас жемқорлық фактілерін біле тұра құзырлы мекемелерге хабарламаған 1 басшы қызметінен босатылды. Мансаптық жоғарлату ішкі конкурстар нәтижесінде 242 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымдарға тағайындалған. Сөйтіп  мансаптық өсу көрсеткіші 67,2% құраған», - деді Ғалым Тұрсынбаев.

Былтырдан бастап тестілеу орталығы жұмыс істеп жатыр. Тестілеуге 914 адам қатысты. Оның 32%-ы оң нәтижесін алды.

Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында 300 мыңнан астам адамды қамтыған 1700-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде мектептер, колледждер және жоғары оқу орындарында 110 түсіндіру жұмысы жүргізілген. Ал «Түркістан – адалдық алаңы» жобасы аясында – 700 -ден  астам шаралар атқарылды.

Өзгелердің жаңалығы