Домбыра ұстаған Дина Нұрпейісова. Елордада дәулескер күйшіге ескерткіш қойылды

3 Шілде 2021, 17:55
2545
Бөлісу:
Домбыра ұстаған Дина Нұрпейісова. Елордада дәулескер күйшіге ескерткіш қойылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық домбыра күніне орай елордада әйгілі күйші, халық композиторы, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісованың ескерткіші ашылды.

Ашылу салтанатына қатысқан ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қазақ халқының өмірінде домбыраның алар орны жайында айтып, ел ішінде «Күй анасы» атанып кеткен Дина Нұрпейісованың ғибратты ғұмыры мен өнер жолына тоқталды.

Қара сөзден құрыш құйған Қадыр Мырза Әліден қалған сөз бар: «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген. Әрине, ақынның тұтас халықты бір ғана аспапқа теңеп, ұлттың мінезі мен болмысын дәл осылай сипаттауында терең мән жатыр. Өйткені, жұртымыздың мұңы мен жыры, қуанышы мен жақсылығы домбыраның шанағынан төгіліп түсіп, шартарапқа жайылып жатты. Халқымыздың жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қар кешіп, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама кезеңдерін бастан өткеріп, заманның жауыны мен дауылынан аман қалған шақтарын, бейбіт те берекелі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған барақатты сәттерін қара домбыраның тілі мен үні тарих бетіне таспалады. Құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтің «Домбыра сенде мін бар ма, Мінсіз болсаң тіл бар ма, тіл жоқ деуге бола ма, тілден артық үн барда» деп жырлауы да сондықтан болса керек, - деді Қырымбек Көшербаев.

Ол жобаны іске асырған Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне, қолдау көрсеткен Атырау облысының жұртшылығына, мүсінші Жалын Бауырқанға ризашылығын білдірді. Ескерткіш авторы Жалын Бауырқан мүсін таза қоладан жасалғанын айтты.

Мұнда 16 жұмыс конкурсқа қатысып, оның ішінде 3 жұмыс мемлекеттік комиссияға жіберілген еді. Онда атақты мүсіншілердің жұмыстары болды, бірақ мемлекеттік комиссия 90 жастағы әженің түрегеп тұрған емес, отырған образын таңдады. Осылайша, мүсіннің биіктігі 2,75 метр, тұғырын қосқандағы жалпы биіктігі – 5 метр 50 сантиметр болды. Ескерткіш тұғыры тастан шабылған, салмағы шамамен 45 тонна, - дейді автор.

Ескерткіш Абылай хан даңғылы мен Күйші Дина көшелерінің қиылысында орналасқан.
Өзгелердің жаңалығы