Бүгін дүниеге келген қызылордалық алғашқы сәбиге домбыра сыйға тартылды

7 Шілде 2019, 14:27
3745
Бөлісу:
Бүгін дүниеге келген қызылордалық алғашқы сәбиге домбыра сыйға тартылды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне орай «Қасиетті домбыра» атты акциясы өткізілді. Оған облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі, БАҚ өкілдері қатысты.

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының баспасөз қызметінің мәліметінше, акцияның мақсаты – қазақтың ұлттық аспабы домбыраны дәріптеу арқылы қоғамды ұлттық мәдениетті сақтау және жаңғырту идеясының айналасында одан әрі топтастыра түсу.

"Облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева құттықтау сөз сөйлеп, 7 шілде күні өңірімізде бірінші болып дүние есігін ашқан нәрестеге арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының логотипі бейнеленген ұлттық домбыра аспабын және сəбидің анасына "Айналайын, Ұлы Дала перзенті" атты домбыраның маңыздылығы туралы мәтінімен естелік тілегін салтанатты түрде табыстады", - делінген хабарламада.

MW6A9752.JPG

Бұл сыйға төртінші сəбиін дүниеге əкеліп отырған Пашкенова Айнұр Омарханқызы ие болды. Жұбайы теміржолшы болып жұмыс істейді. Домбыраның иесі 7 шілде күні сағат 01:00-де дүниеге келген қыз бала.

MW6A9757.JPG

Сондай-ақ, Аналар кеңесінің мүшесі Ирина Григорьева арнайы құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстанның жаңа азаматының өмірге келуімен ата-анасын құттықтады.

MW6A9765.JPG

Домбыра – бұл жәй ғана музыкалық аспап емес. Бұл қазақ үшін тұтас бір әлем, шексіз ғалам, оның өмірі. Халықта "Қазақтың жаны – домбыраның үнінде" деген сөз бар.

ҚХА акциясы ежелгі дәстүр – әр үйде домбыра болуын, оның ата-бабалардың сан ғасырлар бойғы тарихы мен мәдениетінің сақталуына жәрдемдесіп, ұлттық кодты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан нышаны ретінде әр үйдің төрінде тұруын жаңғыртуды көздейді.

Бұл акция Қазақстанның жаңа туған азаматтары мен олардың ата-аналарына балаларын рухани қалыптастыру жолындағы маңызды бағдар болмақ. Өйткені, көне замандардан бері домбыра тілін түсінбеген қазақ өз халқының жанын да түсінбейді деп саналады. Домбыраның атадан қалған игі мұра екенін әрдайым есте тұтуымыз керек.

Өзгелердің жаңалығы