Бас жаңалықтар
Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Дохаға қатынайтын рейстер ашылады
14 Ақпан 2020, 11:58 992

Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Дохаға қатынайтын рейстер ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Qatar Airways компаниясы Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Дохаға қатынайтын рейстерді 2020 жылдың наурызынан бастайды. Бұл туралы ҚР ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты.

Бүгін елордада Қазақстан-Катар бірлескен комиссиясының бесінші отырысы өтті.

Осы жылдың наурыз айының соңынан бастап Доха мен Нұр-Сұлтан және Алматы арасында тікелей жолаушылар және жүк рейстерінің ашылуы Қазақстан мен Катар арасындағы сауда көлемінің артуына ықпал етуі мүмкін, - деді Руслан Дәленов.

Ол қараша айында Дохада (Катар) Қазақстан Республикасы мен Катар мемлекетінің авиациялық биліктері келіссөздер жүргізгенін атап өтті. Бұл құжат Қазақстанда енгізілген "ашық аспан" режимі аясында "әуе еркіндігі" деңгейінің бесінші дәрежесін қарастырады. Яғни, Катар компаниясына пошта мен жүктерді әуе көлігімен тасымалдауға мүмкіндік береді.

Келіссөздер нәтижесінде Нұр-Сұлтан мен Доха арасында аптасына 7 рейс, Алматы мен Доха арасында аптасына 7 жолаушы және 7 жүк рейсі, сондай-ақ Қазақстанда енгізілген 5-ші "әуе еркіндігін" ұсынатын "ашық аспан" тәртібі аясында тұрақты рейсті орындау үшін құқықтық база бекітілген. 

Алайда, кейінірек бұл рейстер 2020 жылдың көктеміне ауыстырылды.

Нақтырақ айтқанда, 2020 жылдың 30 наурызында Qatar Airways әуе компаниясының Доха мен Нұр-Cұлтан қалалары арасында, 1 сәуірде Доха және Алматы қалалары арасында алғашқы рейсті орындау рәсімі өтеді.

 Qatar Airways - Катардың ұлттық әуе компаниясы, әлемдегі ең ірі әуе компаниялардың бірі. Әуе кемелерінің паркі 233 ұшақтан тұрады. 

Дәленов бүгінде Қазақстан мен Катар арасындағы тауар айналымы жылына 2 млн долларды құрайтынын атап өтті және Катар тарапына оны ұлғайту үшін бірлесіп күш салуды ұсынды.

Осыған байланысты мен Катар инвесторларын Қазақстанға шақырғым келеді, - деді министр.


Фото: дереккөз
Загрузка...