Сайлаудың ұйымдастырылуы жоғары деңгейде – Дмитрий Семёнов

9 Маусым 2019, 17:15
1813
Бөлісу:
Сайлаудың ұйымдастырылуы жоғары деңгейде – Дмитрий Семёнов
Фото: автордан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Астықты аймақта Қазақстан Республикасының кезектен тыс президент сайлауын ТМД ұйымы атынан сегіз бақылаушы қадағалайды. Олардың бәрі Ресей Федерациясының Челябі облысынан тіркелген.

Халықаралық бақылаушы Дмитрий Семёновтың айтуынша, ТМД ұйымы өкілдері жұмысқа кеше кісіріп кеткен.

«Өзім Челябідегі қоғаммен байланыс басқармасының басшысымын. Менімен бірге келген бір топ бақылаушылар делегациясы аудандар мен қалаларға бөлініп, жұмыс істеп жатыр. Маған жеткізген хабарларынан білгенімдей, ешбір келеңсіздік жоқ, сайлаудың ұйымдастырылуы жоғары деңгейде. Барлық жерде халықтың белсенділігі, жақсы көңіл-күйі байқалады», - дейді ТМД миссиясының өкілі.

Ресейден келген бақылаушылар ресми қорытынды шығарылғанға дейін жұмыс істемек. Олардың жұмыс істеу тәсілі бойынша ең әуелі сайлау учаскесінің маңайы бақыланады. Яғни, сыртта үгіт-насихат жүргізушілердің бар-жоғы анықталған соң, іштегі жағдайды саралайды.

«Қазіргі жағдайда әріптестерім күдікті кейіп танытқан адамды көрмеген. Сондай-ақ, біз мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығы тапталмауын қадағалаймыз. Мен осы уақытқа дейін аралаған учаскелердің бәрінде пандустар орнатылған. Барлық дауыс беретін орындар бірінші қабатта. Бұл тұрғыдан қандай да бір қиындықтарды көрген жоқпын», - дейді Дмитрий Семёнов.

Бақылаушылар Қазақстандағы сайлау учаскелерінің орналастыру мен ұйымдастырылу формасын басқа мемлекеттерге үлгі етеміз деп отыр.

Өзгелердің жаңалығы