Бас жаңалықтар
«Дипломмен – ауылға» жобасының арқасында 40 мың маман үйлі болды
09 Қыркүйек 2021, 11:05 129

«Дипломмен – ауылға» жобасының арқасында 40 мың маман үйлі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен жылдан бастап «Дипломмен – ауылға» жобасын жыл сайынғы қаржыландыру көлемі 20 млрд теңгеге дейін ұлғайды. 

Бұл туралы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Мұндай тапсырманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Петропавлда өткен ауыл мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі республикалық кеңесте берген болатын.

Қостанай облысы Әулиекөл ауылының тұрғыны Алтын Төребекова өткен аптада несие келісіміне қол қойып, аудан орталығынан пәтер сатып алды. Ауылдық жерлерге жұмысқа келген университет түлектеріне мемлекет қолдау көрсететінін білген студент туған ауылына оралуға шешім қабылдаған.


Мен 2019 жылы Астана медицина университетін бітірдім. Ауданға келіп, Әулиекөл аудандық ауруханасына жалпы тәжірибелік дәрігер болып орналастым. Бұл несие маған газдық жылу жүйесі мен жылы суымен қамтылған пәтер алуға мүмкіндік берді. Болашақта «кардиология» мамандануынан өтіп, туған жерім Әулиекөлде жұмысымды жалғастырғым келеді, - дейді жас дәрігер Алтын Төребекова. 
Дәл осындай несиелерді қарағандылық Гагарин атындағы ​​мектебінің мұғалімі Ақжол Нокин, Осакаровка аудандық ауруханасының медбикесі Талшын Сайлаубаева, Солтүстік Қазақстанның Қызылжар ауданының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Виктор Мирошниченко, Ғабит Мүсірепов ауданының технолог-лаборанты Әсел Ералиева, Түркістан облысы Қазығұрт аудандық емхананың лаборанты Толғанай Жақсылық, Жамбыл облысы Байзақ аудандық ауруханасының дәрігері Батырхан Қонысбеков, Шайқорық орта мектебінің информатика мұғалімі Ақмарал Алдоңғарова және басқалар да алды. «Дипломмен – ауылға» жобасы басталғалы бері (2010 ж.) 40 мыңға жуық маман Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы тұрғын үй сатып алуға немесе салуға жалпы сомасы 120 млрд теңгенің несиесін алды.

Қор – ауылға жұмысқа келген мамандарға жеңілдетілген несие беру бойынша сенімді агент. «Ауылдық ипотеканың» мақсаты – қалалар мен басқа елді мекендерден (ауылдарды қоса алғанда) ауылдық жерлерге жұмыс істеу және тұру үшін келген мамандарға тұрғын үй сатып алуға және салуға бюджеттік несие беру. 

Несиелеу шарттары бойынша 1500 АЕК-ке дейінгі несиелер 15 жылға жылдық 0,01 % аспайтын пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Бюджеттік несиені денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандар, ауылдық елді мекендерге жұмысқа және тұруға келген ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің мемлекеттік қызметкерлері ала алады.

Ал бюджеттік несиені қалай алуға болады? 

Бірінші қадамда маман Мемлекеттік корпорация немесе Электронды үкіметтің веб-порталы арқылы электронды форматта құжаттарды тапсырады. Құжаттардың толық пакеті бір жұмыс күні ішінде қызмет берушіге, яғни аудан әкімдігіне жеткізіледі.

Әкімдік Мемлекеттік корпорациядан құжаттар қабылданған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде әлеуметтік қолдау шараларына жүгінген маманның құжаттарын қабылдайды және тіркейді, ұсынылған құжаттардың дұрыстығын тексереді.

Аудан/облыстық маңызы бар қала әкімдігінің әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну туралы қаулысы төрт жұмыс күнінің ішінде қабылданады.
Әрі қарай әкімдік маманға қабылданған шешім туралы хабарлайды және нәтижені Мемлекеттік корпорацияға жеткізуді қамтамасыз етеді. Егер өтінім портал арқылы берілсе, әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну немесе қызмет көрсетуден дәлелді бас тарту туралы хабарлама маманның «жеке кабинетіне» жіберіледі.

Өтініш мақұлданған жағдайда порталға әкімдіктің мекен жайы көрсетілген хабарлама шартқа қол қою үшін жіберіледі.

Әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну туралы қаулы қабылданғаннан кейін сенімді агент, яғни Қор мен маман арасында шартқа қол қойылады.

Содан кейін әкімдік несиелік қаражатты Қорға аударады. Қор несие шартын, кепіл шартын, төлем кестесін жасайды және оларға тараптардың қол қоюын қамтамасыз етеді. Осыдан кейін кепіл шарты маманға уәкілетті органда тіркеу үшін беріледі.

Кепіл туралы шарт тіркелгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде Қор Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға несие береді. Кеңес алу үшін аудан/қала әкімдіктеріне хабарласу қажет.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...