«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы сауатты кадрларды тұрақтандыруға септігін тигізді

17 Мамыр 2019, 10:02
3993
Бөлісу:
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы сауатты кадрларды тұрақтандыруға септігін тигізді

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Жастар жылына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған міндеттерді жүзеге асыру үшін Үкімет арнайы Жол картасын әзірлеген болатын. Негізгі басымдық жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға, әлеуметтік мәселелерді шешуге, олардың өз кәсіптерін ашу үшін қолдау шараларын жүйелі түрде жүргізуге беріліп отыр. Жалпы елімізде мемлекет тарапынан жастардың әлемдік деңгейге сай білім алуына, бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған азамат болып қалыптасуына баса назар аударылып келеді. Ал Жамбыл облысында қолға алынған істердің мән-маңызы көңілге қона ма? Өңір жастарының қандай мәселелері бар? Осы іспетті сауалдарымызға Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен жауап берді. 

– Республикалық Жол картасының негізінде өңірімізде де мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың 2019-2020 жылдарға арналған Жол картасы қабылданғанынан хабардармыз. Бұл құжат негізінен қандай проблемаларды шешуге бағытталған?   

– Сіз айтқан Жол картасы биыл көптеген маңызды шаралардың арқауы болатынына сенім мол. Оның аясында жастарды еңбекпен, сапалы біліммен қамту, жас кәсіпкерлерді қолдау, жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін оқыту, «Жас маман» «100/200» қағидаты бойынша білікті мамандарды даярлау, мемлекеттік гранттар ұсыну, жастардың бос уақытын тиімді үйлестіру, волонтерлікті дамыту және басқа да салмақты бағыттар қарастырылуда. Бұл мақсатты жоспар – Жамбыл облысындағы 239 мыңнан астам жастың әлеуметтік мәселесін шешудің басты бағдары болары анық. 

Статистикаға сүйенсек, өңіріміздегі жастардың экономикалық белсенді тобы 147,8 мыңды құрайды. Өңірде жастар саясатын жүйелі іске асырудың арқасында былтыр жұмыссыздық деңгейі біршама азайды. Мысалы, алдыңғы жылғысы 2,9% болса, өткен жылғысы – 2,5%. Басқа облыстармен салыстырғанда едәуір төмендеген, республика бойынша – 3,8%. NEET (еш жерде оқымайтын, еш жерде жұмыс істемейтін) көрсеткіші 2017 жылғы 10,7%-дан 8,0%-ға кеміді. 

– Жаз маусымы келе жатыр. Әсіресе, студент жастарды жұмыспен қамту, олардың бос уақыттарын тиімді пайдалану шараларын ойластырдыңыздар ма? 

– Әлбетте. Алдымен өңірдегі жастар саясатын дамыту әрі жұмыс жүйесін ілгерілету үшін Жамбыл облысы әкімі мен аудандардың және Тараз қаласы әкімдерінің арасында, сол сияқты, тиісті уәкілетті атқарушы органдармен нақты межелері айқындалған 11 индикаторлық көрсеткіш белгіленгенін айта кетейін. Оның 7-еуі жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуға бағытталған. Айталық, ваканттық бос жұмыс орындарына, «Жастар тәжірибесіне», әлеуметтік жұмыс орындарына, ақылы қоғамдық жұмыстарға тарту, кәсіби оқудан өткізу, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту және шағын несиелендіру сияқты. 

Биыл 1 мамырда 3 905 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Сонымен қатар, 1 мыңнан астам жасты «Жасыл ел» еңбек жасағы сапында маусымдық еңбекпен қамтуға 73,0 миллион теңге қаржы қаралды. Жасылелдік жастардың күші Тараз қаласындағы иесіз су жүйелерін (каналдар) тазартуға жұмылдырылды. Олардың орташа еңбекақысы 60 мың теңге шамасында болды. 

– Жастар саясатындағы өзекті мәселенің бірі – өңірдегі кадрлар әлеуетін арттыру, заманауи жас мамандарды дайындау. Осы орайда, Жамбыл облысындағы бұл бағытта қолға алынған шараларды айта кетсеңіз. 

– Дұрыс айтасыз, кадр тапшылығын жою, мамандар сапасын жетілдіру жолында бірқатар жұмыстың ретін таптық. Индустрияландыру бағдарламасының арқасында жұмысшы мамандығының беделі де артып келеді. Оны іске асыруға Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы және Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасының септігі көптеп тиюде. Мәселен биылғы оқу жылында 48 арнаулы орта оқу орнында (25-і мемлекеттік, 23-і мемлекеттік емес) 27 мыңнан астам студент 93 мамандық, 137 біліктілік бойынша білім алуда. Бұл көрсеткіш өткен оқу жылында 26 890 болған. Күндізгі бөлімде оқитын 22 389 адамның 13 407-сі, яғни 60%-ы мемлекеттік грант бойынша тегін оқуда. 

Жамбыл облысында 1 472 азамат «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты бойынша техникалық және кәсіптік біліммен қамтылған. Былтыр оқуға қабылданған 8 747 студенттің 5 024-і мемлекеттік тапсырыс негізінде грантты жеңіп алған. Оның 3 299-ы жұмысшы мамандықтарын меңгеруде. 

Негізі мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін өңірлік еңбек нарығының қажеттілігіне талдау жүргізіліп, 1 453 жұмыс берушінің сұраныстары қаралды. Былтырғымен салыстырғанда мемлекеттік тапсырыс ветеринария мамандығына – 52, токарлық іс – 27, химиялық технология және өндіріс – 52, IT саласына – 42, темір жол саласына 36%-ға артты. 

Былтыр 5 492 түлек техникалық және кәсіптік білім алса, оның 3 500-і мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде тегін оқыған. Биылғы оқу жылында 35 колледжде 38 мамандық бойынша оқытудың дуальды жүйесі енгізіліп отыр, қамтылған студенттер саны – 3428. 193 әлеуметтік серіктеспен 3428 келісімшарт жасалды.  

– Жастарды жұмыспен қамтуда, сондай-ақ ауылдық жердегі кадр тапшылығын жоюда «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының ықпалы тиді ме? 

– Бұл мемлекеттік шара елді мекендер мен ауылдарға сауатты да білікті кадрларды тұрақтандыруға үлкен септігін тигізді дер едім. Биыл аталған бағдарлама аясында 668 маманға 118 миллион теңгеге көтерме жәрдемақы және 256 маманға тұрғын үй сатып алуға 970 миллион теңге қаржы қарастырылды. 

Осы бағдарламаның шеңберінде Жамбыл облысында 2009-2017 жылдары 3 238 маманға 657 миллион теңге көтерме жәрдемақы берілсе, 1 276 маман тұрғын үй сатып алу үшін 3,3 миллиард теңге несие алған. Өткен жылы 410 маманға 1 миллиардтан астам қаржы қаралған болатын. 

Алдағы уақытта «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылым дамып, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына енгізілетін мамандықтар тізімі кеңейтілетіндіктен, көшіп барғаны үшін төленетін жәрдемақы мөлшерін 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылатындықтан жергілікті жерлердің кадрлық әлеуеті күшейе түспек. 

– Әулиеата өңірінде солтүстік облыстардың еңбек ұтқырлығын арттыруға бағытталған жұмыстар қаншалықты жүйелі жолға қойылған? 

– Бұл істі жүзеге асырудың тиімді тетіктерінің бірі – «Серпін» жобасы. Жоба аясында 1384 жамбылдық студент білім алуда. Олардың 1169-ы жоғарғы оқу орындарына, 215-і орта арнаулы оқу орындарына педагогикалық, техникалық, технологиялық, ауылшаруашылығы және медициналық мамандықтар бойынша құжат тапсырған. Биылғы оқу жылына 6 мыңға (5829) жуық грант қарастырылған екен. Былтыр облыс бойынша 224 талапкер оқуға қабылданған. 

– Қазіргі таңда жастар кәсіпкерлігіне барынша назар аударылуда. Бұл іске бейжай қарауға болмайтыны Президент тарапынан да айтылды. Ауыз толтырып айтарлықтай шаруа жасалды ма? 

– Рас, өңірде жастардың кәсіпкерлік әлеуетін шыңдауға баса мән берілуде. Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жастарды «Бастау Бизнес» жобасына оқыту жұмыстарын қолға алдық. Биыл 600-ден астам азаматты оқуға жіберіп, нәтижесінде 200-ге жуығын шағын несиемен қамту жоспарлануда. Былтыр 794 жас кәсіпкерлік негіздері бойынша білімін жетілдіріп, 174-і шағын несие алған болатын. 

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес жобаларды дамытуға республикалық бюджеттен 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 329 жасқа қайтарымсыз грант ретінде 166,1 миллион теңге қаражат қаралды. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жаңа бизнес жобаларды қолдау мақсатында 3 миллион теңге көлемінде мемлекеттік грант беруге жергілікті қазынадан 303 миллион теңге қаражат шешілді. Осы бағытқа республикалық бюджеттен 21 миллион теңге қаралған. 

Тараз қаласы мен аудандарда арнайы комиссиялар құрылып, кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірген 300-ге жуық жастың базасы жасақталды. Жастар жылында көптеген әлеуметтік мәселелер шешімін табары анық. Соның арқасында елдің әл-ауқаты жақсара түсетін болады. Себебі жастар – экономиканың негізгі қозғаушы күші. 

– Әңгімеңізге рақмет!
Өзгелердің жаңалығы