Бас жаңалықтар
«Дипломмен – ауылға»: ақмолалық мамандарға 180 млн теңге бөлінді
17 Сәуiр 2021, 09:55 588

«Дипломмен – ауылға»: ақмолалық мамандарға 180 млн теңге бөлінді

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл өңірде «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылда жұмыс істейтін 339 жас маманға 1 483,6 млн теңге бюджеттік несие, 616 маманға 180 млн теңге көтермеақы бөлінді.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы іске асырыла бастағаннан бері тұрғын үй сатып алуға берілетін бюджеттік кредиттердің көлемі екі жарым есе дерлік ұлғайды. 

Жобаны іске асыру кезеңінде ауылдық жерлерге жұмыс істеу үшін 5 мыңнан астам маман тартылды. Олардың 2 801-і тұрғын үй алу үшін 8,3 миллиард теңге көлемінде несие алды. Тұрғын үй сатып алуға берілетін бюджеттік кредиттердің көлемі екі жарым есеге ұлғайды. Бастапқыда бұл 630 АЕК болса, бүгінде 1500 АЕК болды. Біржолғы көтерме жәрдемақы мөлшері 70 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін ұлғайды. Сонымен қатар, жобаға қатыса алатын мамандықтар тізіміне түзетулер енгізілді. Өткен жылдың қазан айынан бастап мемлекеттік қызметкерлер де бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алды. Ауылдағы міндетті еңбек қызметінің мерзімі 5 жылдан 3 жылға дейін қысқарды, – дейді Ақмола облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Фариза Байманова. 

Оның мәліметінше, жергілікті атқарушы органдар қабылдаған шараларға қарамастан, бюджет қаражатын қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар оң нәтиже бермеуде. Әлеуметтік қолдауға ие болу үшін ауылда кемінде үш жыл жұмыс істеу керек. 

Бағдарламаға қатысты түйткілді мәселелер де бар. Айталық, осы уақыт ішінде 940 адам 415,5 млн теңгенің келісімшартын бұзған. Енді олар алған қаражатты мемлекетке қайтаруы керек. Өкінішке орай жас мамандардың көбі ауылда үш жыл жұмыс істемейді. Бүгінгі күні 74,1 млн теңге қаражат үкіметке қайтарылуы тиіс. 49,8 млн теңгеге соттың 69 шешімі шығарылды. 14,4 миллион теңгенің он талап арызы қаралуда, - деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Фариза Байманова. 

Өңірде «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2014 жылдан бері облыстың жоғары оқу орындарында 714 студент білім алуда. Олардың 71-і ғана Ақмола облысының аумағында қалып, еңбек етуде. 174 студент магистратура мен докторантурада оқуларын жалғастыруда. 

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі Аманай Сейітқасымовтың айтуынша, өңірде қолға алынған «Серпін» бағдарламасының қатысушыларына және мемлекеттік грант иегерлеріне жатақхана беріледі, сондай-ақ бірінші семестрде стипендия алу құқығына ие болады. Одан әрі стипендия студенттің үлгеріміне байланысты беріледі. 2017 жылы 323 студент оқуға түскен. Биыл 306 түлек қолдарына диплом алады. 

Республиканың жоғары оқу орындары арасында біз бірінші болып университет базасында «Серпін» түлектер қауымдастығын құруды ұсындық. Бұл жұмыс басталып та кетті. Биыл барлық мүдделі тұлғалардың қатысуымен жобаға қатысты мәселелер бойынша конференция өткізуді жосарлап отырмыз, – деп түсіндірі ректордың кеңесшісі. 

Ол бағдарламаның негізгі проблемаларының бірі – жұмысқа орналастыру екенін атап өтті. 

Нақты механизм болған жоқ. Алайда 2016 жылы Білім туралы заңға ереже енгізілді, ол үш жыл бойы оқу орны бойынша өңірде жұмыс істеуді міндеттейді, – дейді Аманай Сейітқасымов. 

Еске сала кетейік, «Дипломмен ауылға» және «Серпін» бағдарламалары – Ақмола облысы үшін маман тапшылығын шешуге бағытталған әлеуметтік маңызды жобалар.




Фото: дереккөз
Загрузка...