Бас жаңалықтар
"Дипломмен ауылға": 3,6 мың жамбылдық жұмыспен қамтылған
28 Мамыр 2020, 01:31 312

"Дипломмен ауылға": 3,6 мың жамбылдық жұмыспен қамтылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында "Дипломмен ауылға!" бағдарламасы аясында 3,6 мың жас жұмыспен қамтылған. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жас мамандардың жұмысқа орналасуы жолындағы мәселелер сараланды.

Бағдарлама шеңберінде көтерме жәрдемақы және тұрғын үйге бюджеттік кредит беру түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Дегенмен, мемлекеттің мұндай қолдауына қарамастан, ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын толықтай жою әлі күнге дейін мүмкін болмай отыр.

Өткен жылдан бастап облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы аталған бағдарламаның үйлестірушісі болып табылады. Басқарма басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, 2010-2019 жылдарда 3603 жамбылдық бағдарлама қатысушысы атанып, олар жалпы көлемі 564,4 млн теңгенің көтерме жәрдемақысын алған. Оның ішінде 1814 маманға 5,2 млрд теңгеге жеңілдетілген несие берілген. Мамандардың басым бөлігі білім беру саласында жұмысқа орналасса, олардың саны – 1027, денсаулық сақтауда – 347, ауыл шаруашылығында – 119, мәдениетте – 51, спортта – 40, әлеуметтік қамсыздандыру саласында 6 маман жұмыспен қамтылған.

Сондай-ақ ағымдағы жылы 101 маманға 27,7 млн теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы, 10 маманға 38,4 млн теңгеге көлемінде тұрғын үй несиесі берілген. Жалпы биыл "Дипломмен - ауылға!" бағдарламасын іске асыру үшін 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.

Несие жеңілдетілген шарттармен, яғни 15 жылға дейін, жылдық 0,01 пайыздық мөлшерлемемен берілгеніне қарамастан, жыл сайын борышкерлердің саны артуда.

2019 жылдың 1 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша 1814 маманның 652-і несие бойынша қарыз екендіктері анықталды. Олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 2020 жылдың 1 мамырындағы ақпарат бойынша борышкерлер саны 529-ды құрады, - деп атап өтті Г. Жауынбекова.

Айта кету керек, бұл мәселе еліміздің басқа да өңірлерінде де кездеседі. Бірқатар облыстарда борышкерлерге қолдау көрсету мақсатында акция ұйымдастырылып, өсімпұлдарды есептен шығару бойынша шешім қабылданған. Мұндай шара біздің облыста да өтпек. Оған қатысу шарттарын тиісті басқармалар аудан әкімдіктерімен бірлесіп талқылайтын болады.

Жалпы, "Дипломмен ауылға!" бағдарламасы ауылға мамандарды көптеп тартуға және жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне мүмкіндік береді, - деп Г. Жауынбекова өз баяндамасын түйіндеді.

Бердібек Сапарбаев аудан әкімдіктеріне жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс жасауды және өңірдегі мамандар жағдайына талдау жасауды тапсырды.

Жергілікті жерде талдау жасап, қай салаға, қандай мамандар қажет екенін анықтаңыздар. Жыл сайын сұраныстағы мамандықтар бойынша университеттерді қанша студент бітіретінін бақылап отыру керек. Биылғы оқу жылы да аяқталып қалды, ал аудан әкімдерінде ондай мәліметтер жоқ. Бәрін аз уақытта орындау керек, созылып жүретін уақыт жоқ. Мен әрдайым барлық салаға жас мамандардың қажет екенін айтып жүремін. Алдағы уақытта олардың бастамашыл қасиеттері көптеген мәселелерді шешуге ықпал ететін болады. "Дипломмен ауылға!" бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалана отырып біз оларды тиісті қажеттіліктермен қамтамасыз ете аламыз, - деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, ол аудан әкімдеріне жас мамандармен кездесулер өткізіп, олардың мәселелері мен өтініштерін тыңдап, оны шешу үшін жастармен бірлесе жұмыс жасауды тапсырды.

Біз тек жұмыспен қамту мәселесін ғана қарастырмауымыз керек. Егер жастарды ауылда ұстап қалғымыз келсе, олар үшін мәдени демалыстар ұйымдастырып, спорттық ғимараттармен қамтуға тиіспіз, - деді Бердібек Сапарбаев.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа жергілікті атқарушы органдарға несиеге бөлінген қаржыны пайдаланып, қызметкерлер үшін тұрғын үй салуды ұсынды. Оның айтуынша, егер қызметтік пәтерлерді кейіннен сатып алуға мүмкіндік болатын болса, ол жастардың ауылда тұрақтауына көп септігін тигізбек.

Бердібек Сапарбаев бұл мәселенің міндетті түрде қаралатынын айтты.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...