Қазақстан мен Өзбекстан дипломаттары «сағат теңестірді»

27 Ақпан 2019, 10:55
2724
Бөлісу:
Қазақстан мен Өзбекстан дипломаттары «сағат теңестірді»

Астана, BAQ.KZ. Сыртқы саяси ведомствода сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде Қазақстан-Өзбекстан саяси консультациялары өтті. 

Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев, ал өзбек тарапын - Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ильхом Неъматов басқарды. Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы кең ауқымды мәселелерді, сондай-ақ халықаралық және өңірлік құрылымдар шеңберіндегі Астана мен Ташкенттің өзара іс-қимылын қарастырды.

Консультациялар шеңберінде Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Өзбекстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ильхом Неъматовты қабылдады.

«Біз үшін Өзбекстан бауырлас ел, өңірдегі негізгі саяси және экономикалық әріптес болып табылады», – деп атап өтті Қазақстан СІМ басшысы. 

Сыртқы саяси ведомстволар үшін басым міндет Мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеевтің ынтымақтастықты жан-жақты нығайту жөніндегі уағдаластықтарын толық және тиімді іске асыру болып табылады. 2018 жылы екіжақты тауар айналымы 25,3%-ға өсіп, 2,5 млрд. АҚШ долларын құрады.

Министр алдағы іс-шаралардың жоғары деңгейде сапалы дайындығына, әсіресе, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Ташкентте өтетін екінші Жұмыс (консультативтік) кездесуінің, сондай-ақ Өзбекстанда Қазақстан жылының салтанатты ашылуының маңыздылығына назар аударды.

Өзгелердің жаңалығы