Діни экстремизм - Қазақстанға ғана емес, әлемге қауіп тудырған мәселе

23 Сәуір 2021, 15:00
4189
Бөлісу:
Діни экстремизм - Қазақстанға ғана емес, әлемге қауіп тудырған мәселе
Сұхбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Діни экстремизм - тек Қазақстанға ғана емес, барлық әлем елдеріне қауіп тудыратын халықаралық мәселе. Жалпы діни экстремизм дегеніміз не? Бұдан келетін қауіп қалай таралады? Еліміз экстремизммен қалай күресіп жатыр? Заңнамалық тұрғыда қанша адам жауапқа тартылды? Осы және өзге де сұрақтарға ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы, полиция полковнигі Спартак Кабденов жауап берді.

Тілші: Спартак Қазтайұлы, әңгімемізді бастамас бұрын діни экстремизм дегеніміз не екенін түсіндіріп өтсеңіз?

Спартак Кабденов: Еліміз тәуелсіздігін алып, шекарамыз ашылғаннан бері бірталай жыл ішінде түрлі теріс діни ағымдар халқымыздың санасын улай бастады. Бір сөзбен айтқанда, діни экстремизм дегеніміз - шектен тыс діни көзқарастармен әрекеттерді ұстану. Діннің атын жамылып, өз мақсаттарына жету үшін мемлекетке қарсы жасалған әрекеті деп те айтуға болады.   

Түрлі діни ағымдардың азғыруына еріп, көптеген азаматымыз шетелдегі террористік белсенді аймақтарға барып, радикалды идея үшін қарулы қақтығыстарға қатысқан. Діни экстремизмді тек қана ислам дінімен ғана байланыстыруға болмайды, басқа да діни конфессияларға жататын ағымдардың арасында да еліміздің конституциясына сәйкес емес идеяларды ұстанатындар баршылық.

Тілші: Қазіргі таңда ІІМ тарапынан экстремизмге қарсы қандай іс-шаралар жүргізілуде?

Спартак Кабденов: Бүгінде діни экстремизм тек Қазақстанда ғана емес, барлық дүние жүзі елдеріне қауіп тудыратын халықаралық мәселеге айналып отыр.

Ішкі істер органдары қазіргі таңда бұл мәселемен басқа да мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып кешенді іс-шаралар қабылдап жатыр. Полицияның негзгі мақсаты - діни араздықты дер кезінде анықтап, оның алдын алу.

Былтыр діни экстремизмге қатысты елімізде 14 қылмыстық іс сотқа жолданды, 7 адамға қатысты сот шешімдері шықты.

Ал осы жылға келер болсақ, республика аумағында 16 қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Мысал ретінде айта кетер болсам, былтыр қараша айында Солтүстік Қазақстан облысы полицейлері деструктивті діни ағымын ұстанушы азаматты ұстады. Ол әлеуметтік желілерде «Ирак және Леванта Ислам Мемлекетінің» идеологиясын насихаттайтын аудио және бейне материалдарды таратқан. Ол әкімшілік жауапқа тартылды.

Биыл жыл басынан бастап біздің бөліністер тыйым салынған, таратуға ұсынылмаған ақпараттық материалдар таратудың 84 фактісін анықтап отыр. Құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мұнда теріс бағытты ұстанған азаматтар үстінен 3 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Сондай-ақ елімізге шекара арқылы экстремистік материалды кіргізудің 7 фактісі анықталды.

Тілші: Спартак Қазтайұлы, қазіргі уақытта діни экстремизм көбіне интернет желісі арқылы таралуда. Радикалды идеологияның интернет желісіндегі қаупі туралы түсіндіріп өтсеңіз?

Спартак Кабденов: Жоғарыда келтірілген мысалдар интернеттің теріс идеяларды таратудың да құралы екенін көрсетіп отыр.

Бұл ретте ІІО-ның бөліністері Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп радикалды идеологияны интернет желісінде және танымал мессенджерлерде тарату фактілерін анықтау бойынша жүйелі түрде шаралар қабылдап келеді.

2020 жылы әлеуметтік желіні пайдаланушылар арасында теріс діни ағымдарды және қолдануға, таратуға ұсынбайтын діни материалдарды ашық түрде орналастырған 150-ден астам факті анықталды. Соттың шешімімен 130-дан астам адам жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар онлайн сауда платформаларында мониторинг жүргізіледі. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдардың рұқсатынсыз діни әдебиеттерді сатудың 45 фактісі анықталып, 171 әртүрлі әдебиет және 53 өзге діни материал тәркіленді. Биыл сот шешімімен 40 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы жайттарды ескере отырып, дін саласындағы білімді интернеттен іздемей тұрып, қажетті ақпаратты ресми діни конфессия өкілдерінен алған жөн.

Тілші: Бұл салада соңғы уақытта заңдарға қандай жаңа өзгерістер енгізіліп жатыр? Шет елдермен де бірлескен жұмыстар атқарылып жатқан болар?

Спартак Кабденов: Әрине, терроризмге және экстремизмге қарсы күресті тек мүдделі мемлекеттердің бірлескен күшімен шешуге болады. Сол себепті Қазақстан терроризмге және зорлық экстремизміне қарсы күреске бағытталған барлық 19 халықаралық конвенция мен хаттамаға қосылған, сондай-ақ шет елдермен 90-нан астам шартқа қол қойған.

Қазіргі уақытта Діни экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама іске асырылып жатыр.

Одан басқа, ІІМ қазіргі уақытта Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде Қазақстан Республикасы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің терроризмге және экстремизмнің зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күрестегі 2020-2022 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыруға қатысады.

Бүгінгі таңда еліміздің аумағында 25 халықаралық террористік және экстремистік ұйымның қызметіне тыйым салынған.                        

Тек осы жылдың ішінде ІІМ қызметкерлері қызметтің әр түрлі бағыттары бойынша Халықаралық ұйымдар бастамшылық жасаған 10-нан астам іс-шараға қатысты. Сонымен қатар Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде 2019 жылғы 26 наурызда БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен бірлесіп, «Экстремистік және террористік бағыттағы қылмысы үшін сотталғандармен жұмыс істеу және пенитенциарлық мекемелерде зорлық-зомбылық туғызатын радикалданудың алдын алу бойынша күш-жігерді қолдау» бірлескен бағдарламасы іске асырылып келеді. Аталған бағдарлама шеңберінде террористік және экстремистік сипаттағы қылмыстары үшін сотталғандармен, оның ішінде «Жусан» операциясы барысында қайтарылғандармен кең ауқымды жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

Тілші: Түрлі діни ағымдардың жетегіне еріп кетпес үшін жастарға қандай кеңес айтасыз?

Спартак Кабденов: Бұл ретте жастарға айтарымыз, діннің теріс ағымдарынан сақ болу қажет, аталған ағымдар өздерінің негізгі мақсаттарына жету үшін түрлі айла-тәсілдерді қолданады. Бірнеше азаматымыз радикалды ағымдардың арбауына алданып, ата-аналарын, өзінің туған бауырларын жат тұтып, діннің шырмауынан шыға алмай, қылмыстық жолға түсіп жүр. Сондықтан бұл арада қарастырылып отырған мәселені тек қана құқық қорғау органдарына артып қоймай, қоғам болып шешуіміз қажет. Әрбір отбасында, оқу ұжымында, басқа да үйірмелерде азаматқа зайырлы мемлекеттің құндылықтарын сіңіруге арналған тәрбие жүргізілуі тиіс деп есептеймін.

Тілші: Спартак Қазтайұлы, уақыт бөліп сұхбат бергеніңіз үшін алғыс білдіремін.

Өзгелердің жаңалығы