Дін қызметкерлері мектептердің ауласына көшет отырғызды

24 Сәуір 2019, 15:15
2689
Бөлісу:
Дін қызметкерлері мектептердің ауласына көшет отырғызды

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысындағы дін қызметкерлері Тараз қаласындағы және қала аумағындағы елді мекендерде орналасқан мектептердің аулаларына 200-ге тарта ағаш отырғызды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысындағы өкілі Қанат Жұмағұл бастаған  «Һибатулла Тарази» мешіті мен медресесінің ұжымы мен шәкірттері №23 орта мектептің ауласына 50 түп тал ексе, «Асым ата», «Әбдіқадыр», «Намаз ата», «Тектұрмас», «Давруш ата», «Рахман-Рахим», «Салы молда», «Құрлал қажы» мешіттерінің қызметкерлері №21 орта мектептің аумағына 40 түп терек отырғызды.

Ал №55 орта мектептің ауласына «Құлбай баба», «Айсұлу ана», «Хамрақұл», «Нәметбай ата», «Тұрсынбай ата», «Бегалы ата», «Иса Ахмет», «Әзіреті Әли» мешіттерінің ұжымы 45 түп отырғызса, №9 мектепке «Кеңесхан қажы», «Әулие ата», «Шейх Зуннүн», «Мырқалық», «Акрам төре», «Молда Мұхамеджан», «Миразиз», «Шәкіржан ата» мешіттерінің қызметкерлері 25 түп тал отырғызды.

Сонымен қатар, Шөлдаладағы жаңадан ашылған мектепке де көшеттер жеткізілді.

Егілген көшеттердің ішінде қараағаш, жеміс ағаштары, өзге де сәнді талдар бар.

«Бір тал кессең, он тал ек» деген қағиданы мықтап ұстанған халқымыз үшін тал егу – маңызды істердің бірі. Дін мамандарының бірлесіп атқарған бұл шарасы көпке үлгі болары анық. Осындай сауапты шараны алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз», - деді ҚМДБ Жамбыл облысындағы өкілі Қанат Жұмағұл.

Айта кетейік, осы күні Қордай аудандық мешітінің имамдары да ауыл жастарына абаттандыру мен көгалдандырудың пайдасы мен игілігі жайында насихат айтып, құлшылық орнының айналасына тазалық жұмыстарын жүргізді.

 

Өзгелердің жаңалығы