Дін қызметкері халықты вакцина ал деп шақыра алмайды – наиб имам

1 Қараша 2021, 12:32
7091
Бөлісу:
Дін қызметкері халықты вакцина ал деп шақыра алмайды – наиб имам

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Ержан Есім Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында вакцина алу мәселесіне дін қалай қарайтынын айтып берді.

Соңғы кездері вакцинаға қарсы адамдар екпе алу дінге қайшы деген қауесеттер тарата бастады. Наиб имам осы мәселеге қатысты түсініктеме берді.

Вакцинаға қарсы адамдар бұл мәселеде дінді ортаға салуы олардың білімінің төмендігін көрсетеді. Себебі, дініміз әрдайым денсаулыққа қатты мән береді. Оған қоса денсаулықтың құлшылығы үшін, Алла жолындағы қызметі үшін және қоғамға қызмет жасау үшін денсаулықтың маңызды екенін алға тартады. Құранда Алла тағала «өз-өздеріңді өлімге итермелемеңдер» дейді. Демек, өлімге апаратын қандайда бір жолды көріп тұрсаңыз, одан барынша алыс болып, қорғану жолын іздеңіз дейді. Яғни, денсаулықтың қадірін, ауырмай тұрып біліңіз дегенді айтады,-дейді Е. Есім.

Сонымен қатар ол дін қызметкерлері халықты вакцина алуға шақыра ала ма деген сұраққа жауап берді.

Вакцина салумен медицина қызметкерлері айналысады, сондықтан халықты вакцина алуға солар ғана шақырғаны жөн. Дін қызметкерлері онымен айналыспауы керек. Өйткені олар түрлі қателік жіберіп алуы мүмкін. Сонымен қатар олар вакцинадан қайтаруға да араласпауы қажет. Медицина маманы болмағандықтан дін адамдары қате пікір айтып, көпшілікті қатерге душар еткізуі мүмкін. Дегенмен, қауіпті індеттен құтылатын жалғыз жол вакцина алу болғандықтан өздері оны қабылдағаны дұрыс,-деді ол.



Өзгелердің жаңалығы