Димаштың жаңадан орындаған "Самалтау" әні туралы не білеміз?

21 Қазан 2019, 09:38
12698
Бөлісу:
Димаштың жаңадан орындаған "Самалтау" әні туралы не білеміз?
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қытайдың Фучжоу қаласында өткен VI халықаралық "Жібек жолы" кинофестивалінің жабылу салтанатында әнші Димаш Құдайберген қазақтың халық әні "Самалтауды" шырқады.

Әлеуметтік желіде Димаштың бұл орындауына сүйсініп, жағымды пікірін білдіріп жатқандар көп. Отандасымыз халық әнін заманға сай өңдеп, кәсіби оранжировка арқасында құлпыртып жіберген.

"Самалтау" – халық әні аталып кеткен ерекше шығармалардың бірі. Мұңды туынды сонау 1916 жылғы озбыр биліктің қыспағын көрген сарбаздың шері деп те аталады. 

"Самалтау, өскен елім, шалқар көлім, Не болар солдат болып көрген күнім. Есіме қайта-қайта түсе бердің, 
Кір-жуып, кіндік кескен туған жерім" деп басталады. 


"1916 жылы маусымның 25-інде Ресей патшасы ІІ Николайдың "Реквизициялау туралы" жарлығы шығып, Қазақстан, Орта Азия мен Сібірдегі "бұратана халықтардан" 19 бен 43 жас аралығындағы 400 мың адамды майданның тыл жұмыстарына алу көзделді. Оның 240 мыңын қазақтан алынатын болды. Осы жарлыққа іле-шала қазақ даласы мен Орта Азияда жиырмасыншы ғасырдағы ең айтулы, жаппай көтерілістердің бірі басталды. Арқаға тірелген қара мылтықтың күшімен жат ел, бөгде жұртқа еріксіз кетіп бара жатқан қазақ жігітінің осы бір әні артта қалған ата жұртқа дұғай сәлем болып жетті. 

Әуелетіп басталатын осынау ащы әуен – қайда, неге және не үшін бара жатқанын түсіне алмаған қазақ жігітінің кеудесін жарып шыққан, өз тарихын өзі баяндайтын кең құлашты деректі ән", - деп жазылған Ankui.kz сайтында.

Бұл әнді Қазақстанда бір кезедері Бекболат Тілеухан орындаған. Ал Қытай сахнасында осы әнді алғаш рет қандасымыз Арай Айдархан шырқаған.

Өзгелердің жаңалығы