Димаш Құдайберген Ақтөбеде концерт қояды

9 Қаңтар 2019, 14:53
1782
Бөлісу:
Димаш Құдайберген Ақтөбеде концерт қояды

Астана, baq.kz. Осы жылдың мамыр айында Ақтөбеге 150 жыл толады. Қаланың мерекелік мерейтойының дайындығымен және оны өткізумен айналысатын ұйымдастыру комитетін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев басқарады.

Бүгін өңір басшысының төрағалығымен өткен отырыста мерекелік шаралардың алдын ала жоспары қаралды, солардың ішінде әлемге танымал ақтөбелік Димаш Құдайбергеннің де концерті бар.

Сонымен бірге облыс әкімі биылғы жыл бойы халықаралық, республикалық, өңірлік және облыстық деңгейдегі көптеген шаралар өтетінін және ұйымдастырушылар көңіл көтеретін бағдарламалармен шектелмейтінін атап өтті.

«Бастысы – бұл кейін қала тұрғындары мен қонақтарына осы күнді еске салатын, облыс орталығының әрі қарай дамуына қызмет ететін жаңа әлеуметтік және өндірістік нысандардың ашылуы. Ешбір ақтөбелік бұл үлкен шарадан тыс қалмауы тиіс»,- деді Бердібек Сапарбаев.

Бүгінде шаралар жоспарына 3 600 жаңа жұмыс орындарын құра отыра кем дегенде жиырма өнеркәсіп нысанын, алты көкөніс қоймасы мен жылыжай, 28 қызмет көрсету саласының нысандарын ашу кірді. 3100-ден аса пәтерлер, жаңа мектептер мен балабақшалар, саябақтар мен гүл бақтары пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ, Ақтөбеде Бөгенбай батырға, Есет батыр мен Ақтөбе кеңесінің бірінші төрағасы Василий Зинченкоға ескерткіштер ашылады. Ақтөбенің 150 жылдығына арнап монумент, жиырма кішігірім сәулеттік пішіндер тұрғызу, мереке эмблемасы – логотипті әзірлеу, қаланың тарихы мен дамуы жайлы деректі фильм түсіру жұмыстары басталып кетті. Сол күні қайырымдылық шараларына да ерекше назар аударылмақ.

Айта кетейік, өңірдің 12 ауданы облыс орталығының мерейтойына арнаған сыйлығы ретінде жаңа әлеуметтік нысандарды салуға және абаттандыруға ниетті.

Мұның бәрі Ақтөбенің 150 жылдығына орай өткізілетін шаралардың кішкене бөлігі ғана. Мерекенің дайындығы мен өткізілуін  инстаграмм және фейсбук желілеріндегі Aqtobe_150jyl парақшаларынан көре алады.

Өзгелердің жаңалығы