Димаш Құдайберген Рухияға «Славян базарына» қатысып көруді ұсынған

21 Шілде 2021, 18:35
2029
Бөлісу:
Димаш Құдайберген Рухияға «Славян базарына» қатысып көруді ұсынған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-да Витебскте өткен «Славян базары-2021» халықаралық өнер фестивалінің гран-при иегері - Рухия Байдүкенованың жеңісіне арналған брифинг өтті. 

Брифинг барысында жеңімпаз фестивальге қатысуға қалай келгені туралы айтып берді.

Қазақ еліне үлкен рахметімді айтамын. Үлкен қолдауды сезініп жатырмын. Халықпен бірге тойлау – менің бала кезгі арманым болатын. Бұл менің ғана емес, Қазақстанның жеңісі, - деді ол. 

Рухия «Славян базары» фестиваліне қатысуға қалай шешім қабылдағаны туралы айтып берді. 

Мен үш жыл қатарынан ұлттық іріктеуге қатысып жүрдім. Бірінші жылы Қарлығаш апай маған арықтау туралы айтты (күлді). Ол кезде менің салмағым 95 келі болатын. Келесі жылы менің жұлдызды уақытым болмады. Үшінші жылы бару-бармау туралы ойланып жүргенімде Димаш аға «қатысып көр, өтсең өттің, өтпесең өтпедің!» деп кеңес берді. Сөйтіп іріктеуге бардым. Кейін қазылар алқасы еліміздің атынан өнер көрсетуіме жолдама берді, - деп айтты әнші. 

Рухияның вокалмен айналысқанына біршама жыл болған. 

Вокалмен мектеп кезінен айналысып келемін. Талдықорғанда 4-сыныпта жүргенімде ұстазым Серікжамал Әжібековадан сабақ алдым. Бұл кісіден 7 жыл қатарынан білім алдым. Сабаққа күнде баратынмын, тіпті мектептен вокал үшін қашып кететінмін. Кейін Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжіне 15 жасымда оқуға түстім. Ұстазым Ирина Николаевнадан әлі де дәріс алып келемін, - дейді Рухия Байдүкенова. 

Қазіргі күні Рухия Байдүкенова Қазақ ұлттық өнер университетінің үшінші курсын аяқтады.

Өзгелердің жаңалығы