Деректер базасында ауқымды жұмыс жүргізілді – министр

13 Мамыр 2020, 18:40
1312
Бөлісу:
Деректер базасында ауқымды жұмыс жүргізілді – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Премьер-министрдің қатысуымен цифрландыру жөніндегі комиссия отырысының күн тәртібіне мемлекеттік органдардың дерекқорларын түзету жөніндегі мәселе талқыланды. 

Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен дерекқорларын интеграциялағаннан кейін, бұрынғы автокөлігімнің өз атымда тіркеуде тұрғанын анықтағанымды айтқаным естеріңізде болар. Бұл мәселе әлі де өзекті. Азаматтардың көлік, салық, азаматтық хал актілері бойынша осындай жағдайға тап болып жатқаны ара-тұра кездеседі. Жақында бір азаматтың 30 жыл бойы бейтаныс әйелмен некеде тұрғанын анықтағаны туралы жазбасын оқыдым. Азаматтық хал актілерін цифрлау кезінде мемлекеттік органның қызметкері жүйеге мұрағаттағы деректерді енгізу барысында абайсызда қате жазып жіберген болуы керек. Адами фактор, мұндай да болып тұрады, – деп жазды министр. 
Министрдің айтуынша, кейінгі жылдары мемлекеттік органдар деректер базасындағы мәліметтерді түзету бойынша ауқымды жұмыс жүргізді.
Мысалы, Әділет министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, азаматтық хал актілерін 99% - ға өзекті етсе, Ішкі істер министрлігі ЖКЕ бұзу бойынша айыппұл салу деректерін 97% -ға, тұрғылықты жерге тіркеу бойынша 98% -ға жаңартты. Алайда, ескірген немесе дәйексіз ақпарат фактілері әлі де кездеседі және оны азаматтардың өздері ғана анықтай алады. Ал, бұл мәліметтерді түзету үшін оларға мемлекеттік органға хат жазуына немесе барып өтініш білдіруіне тура келеді. Әрине, бұл процесті автоматтандыруға болады және тәжірибе де бар. Біз өткен жылы Әділет министрлігімен бірге акт жазбаларын түзету сервисін іске асырдық. Қазақстандықтар өздеріне қатысты қандай да бір дәйексіз фактіні (тіркелген неке туралы жазбаның болмауы, балаларға қатысты деректер) анықтаған жағдайда, ешқайда бармай-ақ түзетуге өтінім бере алады. Осының арқасында әріптестер деректер қорына 36 575 түзету енгізді, – деп жазды Асқар Жұмағалиев.  

Сондай-ақ осындай сервистерді eGov порталына және басқа да мемлекеттік органдарға енгізу ұсынылғанын айтты. 
Автокөлік(сипаттамасы немесе иесі туралы деректер), жер, жылжымайтын мүлік бойынша қате деректер анықталған жағдайда азаматтар қандай да бір инстанцияға жүгінбей-ақ түзетуге сұраныс бере алады. Премьер-министр бұл ұсынысымызды қолдады және жаңа сервистерді таяуда eGov порталында  пайдалануға болады деп ойлаймын.
Өзгелердің жаңалығы