Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әділет министрлігінде "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" және "Саяси партиялар туралы" Заңдарға өзгерістер енгізуге байланысты Қоғамдық кеңестің отырысы өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар партиялық тізімде әйелдер мен жастарға (29 жасқа дейін) арналған міндетті 30% квота бойынша пікір таласты.
Мен "ысылған, әрі көпті көрген адам ғана депутат бола алады" деген пікірмен келіспеймін. Осындай маңызды жұмыспен айналысатын біздің ұлы депутаттар қалай ұйықтайтынын өздеріңіздер де интернеттен көрген шығарсыздар. Сондықтан, менің ойымша, жастарды тарту керек. Жалпы айтқанда 60, 70 жастағы бұл жолдастарды, сирек жағдайларды қоспағанда, парламент депутаттарының құрамына кіргізбеу керек. Мынау енді мүмкін емес қой. Олар шаршаған адамдар. Өзінің бай тәжірибесімен басқа нәрсемен шұғылдансын, - деді "Келісу" медиаторлар одағының директоры Сара Ыдырысова.
Осыған қоса ол депутаттар ұйықтамай, жұмысты жақсы істеуі үшін не керек екенін айтты.
Егер депутаттардың жалақысы төмендетіліп, жеңілдіктері алынып тасталса, онда Парламенттің кәсіби деңгейі бірден артады. Сол кезде ғана бұл жұмысқа жүрек қалауымен өз мемлекеті үшін жұмыс істегісі келетіндер барады. Олар пайда мен артықшылық үшін сайланбайтын болады, - деді Сара Ыдырысова.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Әділет министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Ақылбай "Депутат тәжірибелі, жұмыс қабілеті бар адам болуы керек. Сондықтан заң шығарушы органды балабақшаға айналдырудың қажеті жоқ" деп айтқан еді.