Бас жаңалықтар
Депутаттар соңғы қоңырау мен қорытынды аттестаттау емтихандарын өткізбеуді сұрады
12 Мамыр 2021, 12:22 4192

Депутаттар соңғы қоңырау мен қорытынды аттестаттау емтихандарын өткізбеуді сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа биылғы оқу жылындағы соңғы қоңырау мен қорытынды аттестаттау емтихандарын өткізбеуге байланысты депутаттық сауал жолдады.

Оның сөзінше, елімізде 28 мамырдан бастап 9, 11-сынып оқушыларында қорытынды аттестаттау емтихандары басталады. Биыл 9-сыныпта 264 469 оқушы 3 емтихан тапсырса, ал 11-сыныпта 154 816 оқушы 4 емтихан тапсырады.

Емтихан тапсыру жабық ғимараттарда өткізілуіне байланысты оқушылардың, педагогтар мен техникалық персоналдың коронавирус жұқтыру ықтималдығы жоғары. Себебі емтихандардың ұзақтығы 2 сағаттан 5 сағатқа дейінгі уақыт аралығын қамтиды. Осы ретте барлығын қосқанда 400 мыңнан астам жоғары сынып оқушыларына (419 285) COVID жұқтыру қаупінің бар екендігіне назарларыңызды аударамыз, - деді депутат.

Сүлейменова атағандай, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми деректеріне сәйкес, елімізде 2021 жылдың 10 мамырында 604 623 адам толыққанды вакцина алды. Бұл жалпы халықтың 3,2 пайызын құрайды.

Осындай вакциналау деңгейінің төмендігін ескерер болсақ, жабық кеңістіктерде ұзақ емтихандар өткізу қаншалықты қисынды болмақ? Бүгіннің өзінде оқушылар арасында коронавирус фактілердің орын алуына байланысты қорытынды аттестаттау емтихандарын және соңғы қоңырау салтанатты жиынын өткізбеу керек деп санаймыз. Бұл ата-аналар тарапынан үлкен алаңдаушылық тудырып жатыр. Бұдан өзге, оқушылардың және мұғалімдердің денсаулығы басты назарда болуы қажет, - деді ол.

Осы орайда Nur Otan партиясы фракциясының депутаттары өз ұсыныстарын жолдады.

Бірінші. Оқушылардың, мұғалімдер мен ата-аналар қоғамдастығының денсаулығын сақтау, COVID вирусының алдын алу мақсатында Білім және ғылым министрлігіне 9, 11-сынып оқушылары үшін мемлекеттік қорытынды аттестаттау емтихандарын өткізбеу туралы шешім қабылдауды ұсынамыз. Індеттің алдын алуда бұл маңызды.

Екінші. 9, 11-сыныптарда қорытынды аттестатау өткізу пандемия және қашықтан оқыту жағдайына икемді етуге қатысты тиісті заңнамалық нормативтік актілерге өзгерістер енгізуді және реттеуді ұсынамыз.

Үшінші. 6 мамырда ҰБТ басталғаны баршамызға белгілі. Осы орайда, Жергілікті атқарушы билік органдары Бас санитарлық дәрігерлермен бірлесіп, ҰБТ тапсыру пунктерінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына қатысты мониторингтік топтар жұмысының тиімділігін арттыруды өз жауапкершіліктеріне алуы қажет деп санаймыз.

Сондай-ақ ҰБТ тапсыру пунктерінің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды, атап айтқанда әлеуметтік қашықтықты сақтау, жеке қорғаныш құралдарының, санитайзерлердің жеткілікті болуы, ҰБТ өткізілетін ғимараттардағы вентиляция жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету туралы ақпаратты қосымша жолдауды сұрады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...