Депутаттар 159 мыңның "жырын жырлауға" кірісті

20 Ақпан 2020, 00:26
1624
Бөлісу:
Депутаттар 159 мыңның "жырын жырлауға" кірісті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары "Кейбір заңнамалық актілерге ана мен бала мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бойынша жұмыс жасауды бастады. 

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі хабарлады.

Құжат 7-ден көп баласы бар отбасылардағы әрбір балаға қосымша 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем тағайындауды көздейді.

Бұған дейін хабарланғандай, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар көпбалалы отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Аталған мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан сараланған мөлшерде тағайындалады және төленеді: 4 балаға – 42 496 теңге; 5 балаға – 53 127 теңге; 6 балаға – 63 757 теңге; 7 және одан да көп балаға – 74 388 теңге.

Халық қалаулылары көпбалалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету кезінде әділеттілікті қамтамасыз ету мақсатында заңнамаға түзетулер енгізу туралы бастама көтерді. Егер қазір жәрдемақының ең жоғары мөлшері 74,4 мың теңге болса, заң қабылданған жағдайда 7-еуден көп балалары бар отбасыларға келесі мөлшерде жәрдемақы тағайындалады: 

- 8 балаға – 84 832 теңге;

- 9 балаға – 95 436 теңге;

- 10 балаға – 106 040 теңге;

- 11 балаға – 116 644 теңге;

- 12 балаға – 127 248 теңге;

- 13 балаға – 137 852 теңге;

- 14 балаға – 148 456 теңге.

Жәрдемақының ең жоғары мөлшері Солтүстік Қазақстан облысындағы 15 баласы бар бір отбасы үшін есептелді, ол отбасы 159 060 теңге алатын болады (жәрдемақының осы түрін тағайындаудың қолданыстағы жүйесі бойынша бұл отбасы 74,4 мың теңге көлемінде жәрдемақы алады).

Жәрдемақының көтерілуі 2 451 отбасына әсер етеді. Оның ішінде 8 баласы бар – 1 501, 9 баласы бар – 729, 10 баласы бар – 168, 11 баласы бар – 35, 12 баласы бар – 7, 13 баласы бар – 6, 14 баласы бар – 4, 15 баласы бар – 1 отбасы бар.

Бүгінгі күнге жәрдемақы 392 мың отбасына тағайындалды. Жалпы алғанда, көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеу үшін 2020 жылы бюджетте 177,6 млрд теңге көзделген.

Естеріңізге сала кетейік, тәуелсіздік жылдары Қазақстанда ана мен баланы қолдаудың ұлттық моделі құрылды, ол 8 мемлекеттік жәрдемақы мен 3 төлем түрін қамтиды. Жалпы, осы мақсаттарға 2020 жылы 682,9 млрд теңге көзделген.

Өзгелердің жаңалығы