Бас жаңалықтар
Депутат жерді 49 жылға жалға беруге қатысты пікір білдірді
02 Маусым 2021, 15:14 25268

Депутат жерді 49 жылға жалға беруге қатысты пікір білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Осыған байланысты заң жобасын әзірлеуге қатысқан депутат Берік Оспанов BAQ.KZ тілшісіне пікір білдірді. 

2016 жылы мемлекет басшысының жарлығымен жер кодексінің жекелеген баптарының қолданысына мораторий енгізілгені белігілі. Бұл мораторий 2021 жылы 31 желтоқсанда аяқталады. Шетелдіктер бойынша мораторий нормаларына келетін болсақ, Мемлекет басшысы түпкілікті саяси шешім қабылдады. Ол бойынша 2021 жылы 13 мамырда ауылшаруашылық жерлерді шетелдік заңды тұлғаларға беруге, сатуға толық тыйым салуды көздейтін Қазақстан Республикасының тиісті заңы қабылданды. Ал осы заңнның қазақстандықтарға қатысты мораторий нормалары бойынша және жер заңнамасын жетілдіру мақсатында Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында берген тапсырмасы бар, - дейді Берік Оспанов. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақпан айында жер реформасының комиссиясын құруды тапсырған болатын. Комиссия құрамында депутаттар, жергілікті атқарушы орын өкілдері, саясаткерлер, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ауылшарауашылық саласындағы қауымдастық өкілдері кірген болатын. 

Жер комиссиясы жұмысы көпшілік алдында жүргізілді. Барлығы ашық болды. Кез келген ниет білдіруші осы комиссияға сұрақтар қоюға мүмкіндік алды. Комиссия жұмысы наурыз айында басталып, сәуір айында аяқталды. Соның нәтижесінде заң жобасы әзірленді. Бұл заң жобасының мақсаты – жер заңнамасын жетілдіру, ауылшаруашылық жерлерді жалға алу институтын реттеу және жерді пайдалану мен қорғау, сонымен қатар бақылауды күшейту.

Заң жобасындағы негізгі өзгерістер мен толықтырулар олар Қазақстандықтарға және қазақстандық заңды тұлғаларға ауылшаруашылық жерлерді 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беру. Келесі жалға беру мерзімі аяқталғаннан кейін оны жаңа мерзімге ұзарту құқығын беру. Мемлекеттен сатып алмаған жер пайдаланушылар арасында ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді жалдау құқығын иеліктен шығару, яғни басқа азаматқа оны сату, - дейді депутат. 
Оның айтуынша, жер үлестері есебімен құралған ауылшаруашылық мақсатында жерлердің учаскелерін кепілге алу кезінде үлес иелерінің келісімі болғанда ғана рұқсат етіледі. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін кепілге салу кезінде үлес иелерінің келісімі болғанда рұқсат беру, нысаналы мақсатын «бағбандық» және «саяжай құрылысына» өзгертуге тыйым салу көзделген. Жер беру комиссиясының хаттамалық шешіміне шағымдану мерзімін белгілеу бойынша нормаларды нақтылауға болады. 

Халықтың мұқтажын қанағаттандыру мақсатында, жергілікті жағдайларды ескере отырып, жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарларда, қажетті жайылым алқабының шекарасын айқындау; берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері туралы мәліметтерді мемлекеттік жер кадастрының интернет-ресурсында ашық түрде орналастыру; ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке беруге мораторийдің қолданылу мерзімін 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту осы заң жобасында ескерілген.  Заң жобасы аясында біраз мәселелер талқыланды.150-ге жуық өзгертулер енгізілген болатын. Осы жұмысқа біраз азаматтар тартылды. Олар Парламент құрамына кірмеген саяси партиялар, қоғам қайраткерлері, ғалымдар. Ал депутаттар осы мәселелерді ескеріп, нақты шешім қабылдады. Екінші оқылымға дейін жұмыс жалғасатын болады, - дейді Оспанов.

Олжас АДАЙ

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...