Депутат Үкіметтен студенттердің жатақхана мәселесін шешуді сұрады

8 Қыркүйек 2021, 12:24
3197
Бөлісу:
Депутат Үкіметтен студенттердің жатақхана мәселесін шешуді сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар студенттердің жатақхана мәселесін көтеріп, Үкіметке сауал жолдады.

Елнұр Бейсенбаев өзінің депутаттық сауалын Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдады.

Еліміздегі жастардың басым бөлігін студенттер құрайды. Мемлекет басшысының бастамасымен бөлініп жатқан гранттар саны, сондай-ақ тегін техникалық білім берудің едәуір көбеюінен жыл сайын студенттер саны да өсіп келеді. Дегенмен жас студент үшін жатақхана мәселесі әлі де шешімін табар емес. Студенттің сапалы білім алуы үшін оның жатақханамен қамтамасыз етілуінің маңызы зор, - деді ол.

Айтуынша, елімізде 1 млн-нан астам студент білім алады. Оның тек 16%-ы ғана жатақханамен қамтамасыз етілген.

Қазірдің өзінде жатақхана жетіспеушілігі 80 мың орынды құрап отыр. Бұл мәселені уақытында шешу үшін Елбасы 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырған болатын. Бірақ аймақтарға келетін болсақ, бастама әркелкі жүзеге асып жатыр. Әсіресе, студенттер жатақханасының ең үлкен жетіспеушілігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында байқалады. Мысалы, Алматы қаласында 170 мыңға жуық студент білім алса, оның тек 31 мыңы ғана жатақханамен қамтамасыз етілген, - деп түсіндірді депутат Елнұр Бейсенбаев.

Ол атап өткендей, қазірдің өзінде Алматы қаласы бойынша жатақхана жетіспеушілігі 35 мың орынды құрап отыр.

Алматыда 2022 жылдың соңына дейін университеттерде 16 мың орындық 38 жатақхананың құрылысы аяқталуы қажет. Бірақ соңғы 3 жылдың өзінде 1 600 орынға жуық тек 6 студенттік жатақхана бой көтерді. Бұл көрсеткіш тиісті мемлекеттік органдардың жүйелі жұмысында олқылықтар бар екенін көрсетеді. Осы жылдың басында Абай атындағы Қазақ ұлттық университетіне тиесілі территорияда 400 орындық жатақхананың құрылысы басталмай жатып, тоқтатылды. Бұл құрылыстың тоқтауына саябақпен ұштасып жатқандығын себеп еткен тұрғындардың шағымы әсер етті. Негізі 11 сотық жер телімі тікелей университеттің заңды территориясы екені құжаттармен расталса да, әкімдік тарапынан жерді ауыстыру мәселесі қарастырылды, - дейді ол Мәжілісте.

Құрылыс маусымын пайдаланудың орнына арада 8 ай өтсе де әкімдік тарапынан жер бөлу мәселесі шешімін таппай келеді. Қоғамдық тыңдау да, жаңа жердің экологиялық зерттеуі де өткізілмеді. Тоқетері студенттік жатақхана құрылысы басталмады.

Үкімет тарапынан жатақхана салу бойынша сұрақтарды жүйелі түрде шешуді ұсынды.

Біріншіден, студенттік жатақханаларды аса маңызды әлеуметтік нысан ретінде қарастырып, әкімдіктер тарапынан жерді бөлу, сондай-ақ құрылысты бастау үшін қажетті құжаттарды реттеу бойынша жұмыстарды бюрократизмге айналдырмай, шешу жолдарын қарастыруды сұрады.

Екіншіден, еліміз бойынша ең көп университет орналасқан Алматыда сейсмикалық талаптарға сай 9-10 қабатты жатақханалар салу мәселесін қарастыру қажет.

Үшіншіден, еліміздің ең ірі педагогикалық университетінің жатақхана салуға арналған тиісті жер мәселесін тез арада шешу керек.

Төртіншіден, студенттік жатақханалардың заманға сай жабдықталуы және олардың кезекті жөндеу жұмыстарын уақытылы іске асыруды қолға алу қажет.

Өзгелердің жаңалығы