Депутат: Топырақ сапасын сақтау бойынша мемлекеттік саясатты қалыптастыру қажет

2 Қыркүйек 2021, 12:49
3965
Бөлісу:
Депутат: Топырақ сапасын сақтау бойынша мемлекеттік саясатты қалыптастыру қажет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Парламенттің кезекті сессиясындағы Сенаттың алғашқы отырысында сенатор Әли Бектаев хабарлады. 

Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдаған сенатор биылғы құрғақшылық агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламаларының әлсіз жақтары мен кемшіліктерін анықтады деп отыр.

Оның айтуынша, ғылыми негізделген агротехнологиялардың енгізілмеуі, топырақты мелиорациялау және жерді суару режимінің сақталмауына байланысты ауыл шаруашылығы жерлерінің құнарлылығы жылдан жылға төмендеп келе жатыр.

Еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметі бойынша суармалы жерлер мен ондағы егіс алқаптарының деградациясы 10%-ға, орман жерлері 8%-ға жетіп отыр. Ауыл маңындағы жерлерді бақылаусыз, жүйесіз пайдаланудың салдарынан еліміздің басты байлығы – жайылымдардың өзі 20-60% аралығында тозған, - деді Әли Бектаев.

Топырақ сапасын сақтау бойынша мемлекеттік саясаттың болмауынан егіс алқаптары мен жем-шөп алқаптары да қысқаруда. Бұл, өз кезегінде, жалпы аграрлық сектордың дамуына теріс әсер етеді.

1990 жылдан бері ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін алқап 40%-ға кеміп, ал мал азығын өндіретін жерлер тіпті 70%-ға қысқарған. Суармалы жерлердің оннан бір бөлігі құнарлылығын жоғалтқан, - деп атап өтті сенатор.

Сенатор 2021-2024 жылдарға арналған ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға топырақты сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру үшін бірқатар нақты шараларды енгізуге шақырды. 

Сонымен қатар елдегі ауыл шаруашылығы алқаптарының топырағына агрохимиялық зерттеулер жүргізу және оларды қалпына келтірудің кезең-кезеңімен жоспарын қалыптастырудың маңыздылығын алға тартты.

Өзгелердің жаңалығы