Бас жаңалықтар
Депутат: Бір жылда Қостанай облысында 18 өндіріс жабылған
05 Ақпан 2019, 17:12 908

Депутат: Бір жылда Қостанай облысында 18 өндіріс жабылған

Қостанай, BAQ.KZ. Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Берік Дүйсембинов Қостанайдағы ең ірі ұн тарту кәсіпорыны «Атамекен-Дос» ЖШС-ға іс-сапармен барып, компанияны алаңдатқан мәселелермен танысты.

Берік Дүйсембинов Қостанайдағы ең ірі ұн өндірушілерімен кездесті –депутат Қостанайдағы ең ірі ұн тарту кәсіпорыны «Атамекен-Дос» ЖШС-да болып, компанияны алаңдатқан мәселелермен танысты.

«Ақжолдық» депутатпен өткен кездесуде «Атамекен-Дос» компаниясының директоры Асқар Жабаев еліміздегі ұн тарту өнеркәсіптеріндегі бірқатар мәселелерді атап айтып, ұн өндірушілерге арналған тиімді бағдарламалардың жетіспеушілігі және Қазақстаннан шетелге экспорттауға кедергі болып отырған көршілес елдердің өндірушілерімен өзара бәсекелестік жөнінде баяндап берді.

«Қостанай – астық өлкесі. Сондықтан біздің алғашқы сапарымызды дәл осы кәсіпорыннан бастап отырғанымыз заңды. Дегенмен, «Ақ жол» фракциясы ұн және ұн өндірісі саласына қатысты бірнеше өзекті мәселелерді көтеріп, үкіметке сауалдар жолдаған болатын. Шұрайлы жеріміз бен астық елі деген абырой-беделге ие бола тұра мұндай кәсіпорындарының жабылуы – үлкен олқылық. Бір жылдың ішінде Қостанай облысында 18 өндіріс орны жабылып қалған. Бұл – Қазақстан үшін трагедия. Біз заңдық тұрғыдан қолдау көрсетуге тиіспіз және біздің компаниялар ел игілігі жолында жұмыс істеуі үшін демеу білдіруге міндеттіміз», - деді Берік Дүйсембинов.

Осы орайда «Атамекен-Дос» ЖШС директоры А. Жабаев Өзбек елінің біздің астықты сатып алатынын және ол елде ұн өдірушілерге арнайы жеңілдіктер берілетінін, оның үстіне транспорттық тарифтері де жеңілдетілгенін айта келіп, Қазақстанда бұл артықшылықтар қарастырылмағанын жеткізді.

«Ал, бізге бірінші астықтан ұн өндіріп, кейін оны шекараға дейін тасымалдау қымбатқа түседі. Мәселен, өнімді Өзбекстан арқылы Ауғанстанға жеткізу қаншама шығынды талап етеді... «Өндіріс» мемлекеттік бағдарламасы өте жақсы еді. Ол біз үшін қолайлы болатын. Біз 6 пайыздық мөлшерін төлейміз, бір жылда бір кәсіпорын үшін төлем лимиті 1,5 миллиард. Қазір соңы таңдап отырмыз. Енді, лимит мерзімі аяқталды, әрі қарай оны жаңарту мүмкін емес болып тұр. Ал, «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша барлық ақпарат қолжетімді әрі ашық емес. Мысалы, көптеген қаржылық сұрақтарға жауапты бірден ала алмайсың, тек операторлар арқылы ғана. Кедергілер де жетерлік», - деп мәлімдеді компания басшысы.

Асқар Жабаев халық қалаулысынан заңнамалық тәртіпте көршілес елдерге экспорттаудың лимитін енгізуді сұрады. Оның пікірінше, лимит енгізу өзара бәсекелестік жағдайында ұн өнімдерін экспорттаудың даму қарқынына оң әсерін береді.

Депутат Дүйсембиновтің Қостанай облысы бойынша өңірлерге жұмыс сапары жалғасуда. 

Сізден жаңалық