Бас жаңалықтар
Депутат мектептердің құрылысына қатысты маңызды мәселені көтерді
06 Қазан 2021, 12:27 6423

Депутат мектептердің құрылысына қатысты маңызды мәселені көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа сауал жолдады.

Nur Otan партиясы сапалы әрі қолжетімді біліммен қамтамасыз етуді ел дамуының басты факторы ретінде айқындайды. Мемлекет басшысының Жолдауында 2025 жылдың 1 қаңтарында мектептерде оқушы орнының тапшылығы миллионға жететіні болжанып, соған байланысты салынатын жаңа мектептер санын 800-ден 1000-ға дейін арттыру тапсырылды. Алайда Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген жаңа мектептер салу есебінен апатты және үш ауысымды мектептер проблемасын түпкілікті шешуде әлі де түйінді мәселелер бар, - деді ол.

Депутат атағандай, ең басты мәселе мемлекеттік бюджет қаражатының дұрыс жоспарланбауы.

Орта білім беру нысандарының құрылысы бюджет қаражаты есебінен үнемі жеткіліксіз қаржыландырылып жатыр. Атап айтқанда қазір мектептер құрылысына жан басына шаққандағы нормативті есептеу әдістемесі 2020 жылы қабылданған 6 айлық есептік көрсеткіш базалық тарифіне негізделген. Алайда 2019 жылы республикалық бюджет комиссиясының шешімімен Үкімет Қаулысына сәйкес үш ауысымды оқытуды, апатты мектептерді және оқушы орындарының тапшылығын жою мақсатында мектептер салуға арналған базалық норматив 6 айлық есептік көрсеткіштен 9 айлық есептік көрсеткішке дейін көтерілген. Яғни, 6 айлық есептік көрсеткіш базалық тарифі мектеп құрылысын салуға жеткіліксіз екендігі 2019 жылдың өзінде белгілі болған, - деді ол.

Сүлейменова атағандай, осы кезге дейінгі есептеулер ескі нормативтермен, 6 айлық есептік көрсеткіш негізінде жүргізіліп келеді.

Биыл жалпы сипаттағы трансферттерден 200 мектептің құрылысына 95,7 млрд теңге көзделген. Қосымша қаражат 53,0 млрд теңге жұмыспен қамтудың жол картасынан бөлінген. Аталған қаражаттардың жұмыспен қамтудың жол картасы аясында уақытылы қарастырылмауынан және бөлінген қаражаттың аймақтарға дер кезінде жетпеуінен бүгінде 13 мектеп мерзімінен кеш берілмек. Бюджеттің дұрыс жоспарланбауы салдарынан жергілікті атқарушы билік органдары білім беру объектілерін уақытылы эксплуатацияға енгізуде қосымша қаражат іздеуге мәжбір, - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Оның айтуынша, жаңа бюджеттің жобасында осы жағдай қайталанып отыр.

Мәселен, келесі жылға 200 мектептің құрылысына жалпы сипаттағы трансферттерден 104,0 млрд теңге көзделген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 44 млрд. теңгеге аз. Тек құрылыс материалдары бағасының 30%-ға өскенін ескерсек, бүгінгі күннің өзінде бұл қаражаттің жеткіліксіз екені айтпаса да түсінікті. Қаражат тапшылығы кем дегенде 50 млрд.теңгені құрайды, - деді ол.

Депутат мектептер құрылысына арналған трасферттерді есептеудің қолданыстағы әдістемесі өңірлік бөліністе оқушылар контингентіне сүйенетінін айтты.

Бұл - өте әділетті шешім. Дегенмен, бүгінде өнеркәсібі белсенді дамып, жұмыс орындары ашылып, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен қоныс аудару қарқынды жүріп жатқан солтүстік және шекара маңындағы өңірлерде де мектептер салуды, оны қайта жаңартуды, авариялық объектілер проблемасын шешуді оңтайлы қарастыру маңызды.Мектеп құрылыс стандарттарының ескіруі және мектептер салуға арналған типтік мемлекеттік жобалардың болмауы. Құрылыс стандарттарын жаңартылған білім мазмұнына, инклюзиялық білім негіздеріне сай жетілдіру, сапалы білімге барлық оқушылардың қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет, - деді ол.

Жұлдыз Сүлейменова Nur Otan партиясы фракциясы мүшелері келесі ұсыныстарды енгізуді сұрады.

Үкіметке 1000 мектепті салу жөніндегі ведомствоаралық кешенді іс-шаралар жоспарын қабылдау қажет.Мектептер құрылысына жан басына шаққандағы нормативті есептеу үшін базалық тариф көлемін келесі жылдан бастап 9 айлық есептік көрсеткіш аясында қолдануды қарастыру. Орта білім беру объектілерінің ведомствалық құрылыс нормаларына өзгерістер енгізу. Салынатын жаңа мектептер – білім саласындағы жасампаз өзгерістерге жауап беруі қажет. Сонда ғана ғаламдық бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ тәрбиелей аламыз, - деді ол.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...