Депутат қандастардың елге оралып, тегін білім алуына қатысты ұсыныс айтты
24 Қараша 2021, 12:09 173

Депутат қандастардың елге оралып, тегін білім алуына қатысты ұсыныс айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа шетелдегі қандастардың жағдайына қатысты депутаттық сауал жолдады.

1991 жылдан бері 1,5 млн-нан астам қандасымыз атажұртымен табысып, тарихи отанының дамуына еңбек етуде. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «Ұлы көш» датасын күнтізбеге енгізуді тапсырған болатын.

Шетелде тұратын этникалық қандастарымыз 1994 жылдан бастап Қазақстанда білім алып келеді. Ол кезде қандастарымызға Қазақстанда тегін білім алуға арналған мемлекеттік квота 2%-ды құрады. 2017 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен мемлекеттік квота 2%-дан 4%-ға дейін көбейтілді. Бірақ бүгінгі күні оқуға түсуге ниет білдірген азаматтардың саны көп болуына қарамастан студент атанып, квота аясында грантқа түскендердің саны жыл сайын азаюда, - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Айтуынша, оның негізгі себептері – шетелдегі қандастарымыз үшін Қазақстанның білім беру мүмкіндіктері туралы ақпараттың жеткіліксіздігі. Шетелдегі қандастар арасында қазақ тілін үйренуге тиісті оқу-әдістемелік базаның болмауы, сонымен қатар этникалық қандастарымыз үшін ҰБТ емтихандарын тапсыру қиындығы.

Қазақстандық білім беру бағдарламасымен 11 жыл оқыған талапкер де, Қазақстанда ешқашан тұрмаған немесе тек 9 айлық дайындық курсынан өткен қандастарымыз тең дәрежеде білім тестін тапсырады. Мысалы, 2019 жылы ҰБТ-ға қатысуға құжат тапсырғандардың саны 2 мың адамды құраса, оның 863-і ғана оқуға түскен. Ал 2021 жылы ҰБТ-ға қатысуға құжат тапсырғандардың саны 2 478 адамды құраса, оның тек 796-сы ғана оқуға түскен, - деп түсіндірді ол.

Депутаттар осыған байланысты шетелдегі қандастарымызға арналған жаңа білім беру концепциясын қарастыруды және қандастарымыздың елге оралып, тегін білім алуына қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Біріншіден, этникалық қандастарымыз үшін халықаралық емтихандармен сәйкестендіре алатын ҰБТ-ның баламалы емтиханын енгізуді қарастыру қажет. Сонымен бірге дайындық курстарын тілдік курстарға өзгертуді ұсынды.

Екіншіден, этникалық қандастарымызға академиялық ұтқырлық стипендиялық бағдарламасы аясында магистратура мен докторантураға жеке квота бөлуді қарастыруды ұсынды.

Үшіншіден, қазақ диаспорасы көп шоғырланған елдерден үкіметаралық білім беру гранттары аясында этникалық қандастарды барынша тарту бағдарламасын енгізу қажет.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...