Депутат: Әкімдерді тікелей сайлау өңірлерде демократияны ілгерілетуге ықпал етеді

15 Маусым 2021, 09:18
1809
Бөлісу:
Депутат: Әкімдерді тікелей сайлау өңірлерде демократияны ілгерілетуге ықпал етеді
Сұхбат

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Президент бастамасымен елімізде биылғы жылдың екінші жартысында ауыл әкімдері тікелей дауыс беру арқылы сайланады. Аталған реформа қандай нәтижелерге әкелуі тиіс екендігі туралы Ақмола облысының туристік ассоциациясының төрағасы, облыстық мәслихатының депутаты Қайрат Сұлтанов айтып берді. 

– Әкімдер сайлауына кімдер қатыса алады және әкімдерге ел сеніміне ие болу үшін не қажет деп ойлайсыз?

 – Ауылдық округ әкімдігіне кандидат сәйкес келуі тиіс базалық талаптар бұл – Қазақстан Республикасының жасы 25-тен кіші емес азаматы болуы, сондай-ақ мемлекеттік қызметшінің осы санатына қойылатын ең төменгі біліктілік талаптарына сәйкес келуі, яғни жоғары білімі және мемлекеттік қызметте кемінде 2 жыл жұмыс өтілі болуы тиіс. Бұл ретте мемлекеттік қызметте тәжірибесі жоқ басқа да кандидаттар мемлекеттік емес ұйымдарда басшылық лауазымдарда 2 жыл жұмыс өтілі болған кезде өз кандидатураларын ұсына алады. Селолық округ әкімі – жергілікті жерде Президент тапсырмасын жүзеге асыратын бірінші тұлға. Сәйкесінше селолық округ әкімінің мәртебесі артады. Әрине, сауал да көп. Әкімдер сайланды дерлік. Бірақ олар жергілікті жерде қалай жұмыс істейді? Мысалы, сайланған жастар ауылдық жерде жұмыс істей ала ма? Әрине, қазіргі жастар жан-жақты, ақпаратты мықты игерген. Мен барлығына мәлім жайттарды айтып отырмын. Селолық округ әкімі алдымен өзінің беделі жөнінде ойланғаны жөн. Ол сол елді мекенде тұрып, халықтың тұрмыс-тіршілігімен етене таныс болуы тиіс. Жұмысы ауылдық округте болғанымен, өздері аудан орталықтарында немесе қалада тұратын әкімдердің бар екені белгілі. Әкімдердің есеп беру кездесулерінде ауыл тұрғындары осы мәселелерді алға тартып жатады. Ең бастысы, «еститін мемлекет» тұжырымдамасы арқылы халықтың жергілікті атқарушы органдарға деген сенімі қалыптасуы керек. Халық арасынан шыққан үміткерлерге сенім артылады деп ойлаймын. Кім белгілі бір ауылдық округті дамытуға дайын екенін жеткізіп, сайлаушылардың сенімінен шыға алса, оны кейін ісімен дәлелдеуі керек болады.

– Жаңа реформа қазақстандықтардың саяси белсенділігін өзгерте ме? Соңғы жылдары тұрғындардың сайлауға белсенділігі қай дәрежеде болды?

– Меніңше, тұрғындар сайлауда белсенділік танытады. Себебі адамдар өзекті мәселелерді шешуге тікелей қатысады. Әкімдердің тікелей сайлауын енгізу азаматтық қоғам құруға, жергілікті деңгейде демократияны ілгерілетуге тың серпін беруге тиіс. Елдегі әлеуметтік және азаматтық белсенділіктің дамып келе жатқанын байқамау мүмкін емес. Бұл көбінесе өмір сүру сапасын өзгерту мәселелерінде көрініс беруде. Бұл инфрақұрылым, мемлекеттік қызметтер, экология және басқа да мәселелер болуы мүмкін, бірақ менің ойымша, мұндай белсенділікте қоғамның өмірді демократияландыруға деген көзқарасын іздеу керек. Әкімдерді сайлау олардың құзіретін күшейтудің нақты құралы болып табылады. Алдағы әкімдер сайлауы халықтың билікке деген сенімін арттыруға, биліктің халықпен жақындасуына ықпал етеді. Бұл қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін қалпына келтіру мүмкіндігі.

– Жаңа реформа ауылдарда мемлекеттік бағдарламалардың тиісті деңгейде жүзеге асырылуына ықпал ете ала ма? Бұл тұрғыда нақты қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Әкімдердің тікелей сайлануы кем дегенде екі мәселені шешеді. Біріншіден, реформа мемлекеттік аппаратты жасақтауға қызмет етеді және жергілікті атқарушы биліктің жұмыс тәсілдерін өзгертеді. Қазір қолданыстағы тетіктер күткендегідей нәтиже беріп жатпағанын көріп отырмыз. Бұл өңірлерде жүзеге асырылуға тиісті мемлекеттік бағдарламаларға да тікелей қатысты.

Сайлаудан кейін әкімдер оқудан өтуі тиіс. Жергілікті жерлердегі басқару жүйесін барлығы бірдей біле бермейді. Ең алдымен, ауыл әкімдері шаруашылықты басқару тетігін білуі тиіс. Үкімет ауылдық округ әкімдерінің өкілеттілігін қайта қарауы қажет деп санаймын. Бұл жарнама, көлік мәселесіне ғана қатысты емес. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына қатысты мәселелерді шешуде ауыл әкімдері қауқарсыз. Селолық округтің 50%-ын аграрлық сектор құрап отыр. Селолық округ әкімі өзін жетілдіруге баса мән беруі тиіс. Мысалы, «Атамекен» арқылы тегін оқуға болады. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламалары да бар. Ауылдық жерлерде жұмыссыздықтың белең алып тұрғаны да белгілі. Шағын несие бағдарламаларын, грант жүйесін игеру мәселелерімен округ әкімдері тікелей айналысулары қажет. Тұрғындарға сол бағдарламаларды әкімнің өзі ұсынуға міндетті. Жергілікті жердегі бар жағдайдан хабардар болып, тіпті селода шаштараз ашуға жол сілтеп, тұрғындарды «Еңбек» бағдарламасы арқылы оқуға үндеуі тиіс. Мысалы, бағдарлама арқылы берілетін қайтарымсыз 580 мың теңге қаражатқа ауылда қажетті құралдармен жабдықталған шаштараз ашуға әбден болатыны белгілі ғой. Бұған еш кедергі де жоқ. Нәтижесінде жұмыс орындары да ашылады. Сол сияқты ауылдықтардан сүт сатып алатындарға да тасымалдайтын көлік сатып алу үшін мемлекеттік бағдарламаларға қатысуды ұсынуға болады. Селолық округтердегі басты проблема – халық пен сатып алушылар арасында келісімшарттың болмауы. Ауыл тұрғындарының өздері өсірген көкөністері өте арзанға бағаланып, түрлі кедергілерге тап болып жататыны жасырын емес. Ал алыпсатарлар жергілікті өнім бағасын аспандатып жібереді. Осы ретте ауыл әкімі жеке коммуналдық шаруашылық құруы тиіс деп ойлаймын.  

– Тұрғындар өздері сайлаған әкімнің жұмысын қалай бақылап, жұмысына әсер ете алады?

– Ауылдық округтерде жергілікті қоғамдастықтың қазіргі жиналысын қайта құру жолымен өкілді органның функциялары бар Жергілікті өзін-өзі басқару органы - кеңес құрылатын болады. Ол бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін жұмыстардың ақшалай қаражатын және жергілікті өзін-өзі басқару қаражатын пайдаланудың тиімділігіне мониторинг жүргізіп, әкімнің есебін тыңдайтын болады. Бұдан басқа тексеру комиссиялары қаражатты пайдалану тиімділігін жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізетін болады.

– Қала, кент, ауыл әкімі қай мерзімге сайланатын болады және қандай жағдайда мерзімінен бұрын өкілеттігін доғара алады?

– Сайланған әкімнің өкілеттік мерзімі өзгеріссіз қалады және төрт жылды құрайды. Бұл ретте бір адамның бір аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі болып қатарынан екі реттен артық сайлануына шектеу бар. Бұл жерде ауылдық округ тұрғындарының әкімді сайлаған азаматтар ретінде оның өкілеттігін тоқтату туралы, оның ішінде қанағаттанарлықсыз жұмыс нәтижелері, әдепсіз мінез-құлық және т.б. үшін, мәселеге бастамашылық жасауға құқығы бар екеніне назар аудару қажет.

– Әкімдерді тікелей сайлау қандай нәтиже береді?

– Қандай болмасын, сайлау өте күрделі және тіпті алаңдатарлық процесс. Сонымен қатар егер біз саяси таңдау туралы айтатын болсақ, әрине, білім, дағды, тәжірибе қажет. Қоғамда азаматтар жергілікті өзін-өзі басқару реформасына қатысты құқықтар мен мүмкіндіктерді белсенді пайдаланатын болады. Ауылдық округтер деңгейінде әр түрлі партиялардың өкілдері арасында сайлаушылар дауыстары үшін бәсекелестік болуы мүмкін. Саяси партиялар үшін ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу – өңірлердегі филиалдар желісін дамытуға, электоратпен тұрақты байланыс орнатуға жақсы мүмкіндік. Сонымен қатар, бұл да күрделі сын-тегеурін. Алдағы сайлау өзін-өзі ұсынушылармен бәсекелес бола отырып, партиялардың шынымен қаншалықты танымал және сұранысқа ие екенін көрсетеді.

Адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға олардың мүдделері жергілікті атқарушы билік деңгейінде ескерілгенде қол жеткізілетіні түсінікті. Пандемия кезінде бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің - әсірес ауылдық деңгейдегі буындары реформалауды талап ететіні белгілі болды. Әкімдерді сайлау оны күшейтудің нақты құралы болып табылады. Шынында да, бір жағынан, бұл қосымша өкілеттіктер мен тәуелсіз болу мүмкіндіктері, ал екінші жағынан – үлкен жауапкершілік.

Өзгелердің жаңалығы