Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова премьер-министр Асқар Маминнен төтенше жағдай кезінде министрліктердің "жіберген қателіктерімен жұмыс" істеуін сұрады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ойланбай істеген әрі сенімсіз әрекеттері қоғамдағы наразылықты күшейтті. (...) Елде мүгедектер, өмірлік жағдайы қиын отбасылар туралы нақты ақпарат болған жоқ. Соның нәтижесінде қолдауға мұқтаж емес азаматтар 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны алды. Ал шынымен осы көмекке зәру болып отқан жандар әлі күнге бұл көмекті ала алмай жүр, - деді депутат.
Оның айтуынша, бетперде, көзді қорғайтын көзілдірік, комбинезонның жетіспеушілігі және ауруханада жатқан пациенттер мен карантинде оқшауланғандарды орналастыруға арналған жүйенің болмауы вирус жұқтырған дәрігерлердің жаппай өсуіне әкелген.
Министрліктер мен ведомстволар басшыларының жіберген қателіктерінің салдарынан дәрігерлер, медбикелер, жедел жәрдем қызметкерлеріне қажетті қорғаныс құрал-жабдықтары берілмеген. Одан бөлек, демалу үшін жағдай жасалмады. Дұрыс тамақтанбайды, үйлерінде қалған балаларына қамқорлық шаралары ұйымдастырылған жоқ. Олар инфекциямен күрестің алдынғы қатарында жүрді. Осы орайда, бүгінгі таңда жағдайды әбден нашарлатқан Денсаулық сақтау министрлігінің күмән туғызатын және аса қауіпті маңызды шешімдерінің бірі - санитариялық-эпидемиологиялық қызметті оңтайландыруы болып отыр, - дейді Ирина Смирнова.
Сонымен қатар, ол Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі мен Білім және ғылым министрлігінің жұмысын сынады.
Білім берудегі цифрландыру мүлдем төмен деңгейде. Қашықтан оқыту, көптеген студент үшін мүмкін емес. Әртүрлі себептерге байланысты қала мен ауылдағы сапалы білімге қол жетімділіктегі алшақтықты кеңейтті, - деді депутат.
Ол Ауыл шаруашылығы министрлігінің шешіміне байланысты фермерлердің проблемалары туралы айтты.
Ауыл шаруашылығы министрлігі экспортқа өнімдерді шығаруға тыйым салу туралы бұйрық шығарды. Ал ел ішінде логистикалық алгоритмді реттемеген. Әйтеуір сауда министрлігі 240 млрд теңгеге 5 көтерме сауда орталығын салуды жоспарлап отырмыз деп жағымды жаңалықпен бөлісті, - деді "Халық қалаулысы".
Смирнова министрліктердің ішінде қорғаныстың жұмысын жоғары бағалады.
Бірқатар министрлік есінен танып, икемділік танытпағанда, әскери клиника толығымен Денсаулық сақтау министрлігінің қажеттілігіне берілді. Әскери күштер заманауи далалық аурухананы 72 сағат ішінде қосымша қаражат пен көмексіз орналастырып, оны әскери дәрігерлермен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, жаңадан әскери бөлімі құрылды. Радиациялық, химиялық және биологиялық қауіпсіздік, қарулы күштердегі алғашқы ПТР зертханасы іс жүзінде дайын, - деп атап өтті Ирина Смирнова.
Депутат үкіметтен індеттің нәтижелері бойынша "қателіктермен жұмыс" жүргізуді және соның нәтижесі бойынша депутаттардың бағалауына мүмкіндік беруін сұрады.