Депозит ашуға жеті қадам
25 Қазан 2021, 17:48 222

Депозит ашуға жеті қадам

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кез келген басқа шарт сияқты, банктік салым шарты да маңызды талаптарды қамтиды, оларға шартқа қол қоймас бұрын баса назар аудару керек. Салымшылардың үміттері шындыққа сәйкес келуі үшін, Fingramota.kz депозит ашуға шешім қабылдаған адамдармен нұсқаулықпен бөліседі. 

1-қадам. Салым мақсатын анықтап алыңыз 

Банкке өз қаражатыңызды салмас бұрын, өзіңіз үшін салынған қаражаттан не күтетіндігіңізді шешіп алыңыз. Бүгінгі таңда банктер депозиттердің үш түрін ұсынады (Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының жіктеуі бойынша): мерзімсіз, мерзімді және жинақ.

Мысалы, мерзімсіз депозит салынған ақшалай қаражатты сақтауға не болашақта туындауы мүмкін көзделмеген шығыстарға үнемдеуге бағытталған, бұл ретте сіз әрқашан ақшаға қол жеткізе аласыз: шектеусіз алу және толықтыру.

Егер сіз ірі сатып алуды жоспарласаңыз және ақшаны мерзімінен бұрын алатын болсаңыз, мерзімді депозитті таңдаңыз, оның шарттары салымды шектеусіз толықтыруға, сондай-ақ ішінара алуға мүмкіндік береді, алайда бұл жағдайда сыйақыны ішінара жоғалтумен аласыз.

Егер сіз салымнан көбірек кіріс алуға бел бусаңыз, онда ұзақ уақытқа салынатын салымды таңдаңыз. Көбінесе, бұл жағдайда сіз ең жоғары пайыздық мөлшерлемені аласыз. Мұндай мақсатқа жинақ депозиті өте тиімді. Бұл – теңгемен салымдардың ішіндегі мөлшерлемесі ең жоғары қайтарып алынбайтын депозит. Ол өз ақшасын ұзақ уақытқа салуды және салым кезеңінде оларды пайдаланбауды жоспарлаған адамдар үшін тиімді. Жинақ депозитінің толықтырылып отыратын, сондай-ақ толықтырылмайтын түрлері болады. Жалғыз ерекшелігі – мұндай салымнан ақшаны мерзімінен бұрын тек толықтай және банкке сұрау салғаннан кейін 30 күн өткен соң ғана алуға рұқсат етіледі, бұл ретте есептелген сыйақының барлық сомасы жоғалады.

Сіздің сұранысыңызды қанағаттандыратын ұсынысты таңдау үшін банк қызметкерінен сізді салымдардың түрлерімен таныстыруды сұраңыз.

2 -қадам. Өз деректеріңізді тексеріңіз

Сіз қандай салым ашатыныңызды шештіңіз делік. Келесі қадам - банктік салым шартына қол қою, алайда ол мұқият зерделеуді талап етеді.

Бірінші кезекте, міндетті түрде өзіңіздің дербес деректеріңіздің дұрыс толтырылғанына назар аударыңыз. Жеке басыңызды куәландыратын құжаттың және ұялы байланыс телефоныңыздың нөмірінің дұрыс жазылуын тексеріңіз, себебі сіз мұндай қызметті қосатын болсаңыз бұдан әрі дәл сол нөмірге дербес ақпарат, оның ішінде шот бойынша операциялар және басқа да сізге қажетті ақпаратпен SMS-хабарлар келетін болады.

Сонымен қатар, құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізу кезінде, тұрғылықты мекенжайы өзгерген, аты-жөнін ауыстырған, нөмір ауысқан кезде және т.б. – бұл туралы өзгерістер енгізілген сәттен бастап 15 күннің ішінде банкті хабардар ету қажет. Әйтпесе шартты орындауға байланысты ықтимал салдар үшін клиент жауапкершілік атқарады. Бұл да шартта жазылған.   

3-қадам. Сыйақы мөлшерлемесі және комиссиялар туралы біліп жүріңіз 

Банктер өздерінің салымдарын «ең тиімді пайыздармен» белсенді түрде жарнамалайды. Алайда жарнамаға сенбеңіз, одан да банктің менеджерінен сіз ашқыңыз келетін депозит бойынша сыйақы мөлшерлемесінің қазіргі уақытта қанша болатынын сұраған жөн. Мысалы, мөлшерлеме шарттың мерзімі ішінде сомаға байланысты өзгеруі мүмкін. Мұндай ақпарат банктің жарнамасында көрсетілмеуі мүмкін, бірақ шартта міндетті түрде жазылады. Менеджерден мөлшерлеменің қандай талаптарға байланысты екенін нақтылаңыз, сондай-ақ комиссиялар туралы сұраңыз. Кейбір банктер шотты ашқаны және жүргізгені үшін, қолма-қол ақшасыз қаражатты есептегені және аударғаны үшін комиссия алуы мүмкін, сол себепті шарттың барлық талаптарын мұқият оқуды ұсынамыз. 

4-қадам. Пайыздарды есептеу және төлеу талаптарымен танысыңыз 

Сондай-ақ банктік салым шартында пайыздарды есептеу және төлеу талаптарын тексеріңіз. Төлемнің күніне назар аударыңыз. Егер салым пайыздарды капиталдандыруды болжаса, онда кезеңділік қандай болатынын нақтылаңыз. Көбінесе ай сайынғы капиталдандыру бар, бірақ ең тиімдісі -күнделікті.

Пайыздарды капиталдандыру - бұл салым бойынша пайыздарды есептеу әдісі, онда салым сомасы алдымен есептелген пайыздарға көбейтіледі, содан кейін алынған сомадан кезекті кезеңдегі пайыз есептеледі. Халықта мұны «пайыздарға пайыз», қаржыда – «күрделі пайыз» деп атайды.

Пайыздардың қай шотқа аударылғанын міндетті түрде тексеріңіз. Карта қосылған шот тиімдірек, сондықтан банктен картаны шығару және қызмет көрсету қанша тұратынын тексеріңіз. Егер сіз валюталық салымдардың ұстаушысы болсаңыз, пайыздарды төлеу тәртібіне назар аударыңыз. Мерзімінен бұрын бұзу немесе ай сайынғы төлем кезінде көптеген банктер оларды теңгемен төлейді. Бұл жағдайда табыс қайта есептелетін бағам маңызды.

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап бейрезидент жеке тұлғалардың салымдары бойынша сыйақы түріндегі табыстарға жеке табыс салығы салынуға жатады. Жеке табыс салығының мөлшерлемесі 15%-ды құрайды. 

5-қадам. Толықтыру және мерзімінен бұрын алу мүмкіндігінің талаптарын нақтылаңыз 

Шартта депозитті толықтыру немесе алу, оның ішінде ішінара алу бойынша қандай да бір шектеулер жазылған-жазылмағанына назар аударыңыз. Кейбір ұйымдар салымды толықтырудың ең төменгі немесе ең жоғары мөлшерін енгізеді, ал мерзімінен бұрын алу үшін айыппұл салынуы мүмкін. Банктер шартты мерзімінен бұрын бұзу үшін комиссия ала алады, нәтижесінде берілетін сома салымның бастапқы сомасынан аз болуы мүмкін. Сондықтан да шартты мерзімінен бұрын бұзу талаптарына өз назарыңызды аударыңыз. 

6-қадам. Салым мерзімін ұзарту туралы сұраңыз 

Мерзімін ұзарту – салымшының қатысуын талап етпейтін, депозит мерзімін автоматты түрде ұзарту және бұл өте ыңғайлы қызмет. Яғни, шарттың мерзімі аяқталған кезде банк оны автоматты түрде ол ашылған мерзімге ұзартады. Банктік салым шартында мерзімін ұзарту мүмкіндігі, сондай-ақ ұзартудың ең көп саны жазылады. Мерзімін ұзартқан кезде сыйақы мөлшерлемесі өзгеруі мүмкін. Мысалы, Сіз депозитті 10% мөлшеріндегі сыйақы мөлшерлемесімен ашсаңыз, ал банк қазіргі уақытта депозиттерді 8% мөлшерлемемен қабылдап жатса, онда Сіздің салымыңыздың мерзімін ұзартқан жағдайда, мөлшерлеме 8% құрайтын болады.

Ұзартудың ең жоғары мөлшері шегіне жеткен жағдайда немесе шартта мерзімді ұзарту көзделмеген болса, онда банк ақшаны автоматты түрде сіздің ағымдағы шотыңызға аударады. 

7-қадам. Салымыңыз бойынша банк атынан хабарласқан қоңырауларға абайлап жауап беріңіз 

Сақ болыңыз: алаяқтар салымды тиімді қайта ресімдеуді ұсыну арқылы немесе сіздің депозиттік шоттарыңызға хакерлік шабуылдар жасалады деп қорқыту арқылы банк қызметкерлерінің кейпінде жаппай хабар жіберіп, қоңыраулар жасайды.

Егер қаскүнемдер сізбен онлайн байланыс жасайтын болса, олар өз дербес деректеріңізді толтыру қажет болатын жалған онлайн-банкинг парақшасына өтуіңізді ұсынуы мүмкін. Телефон арқылы қоңырау шалған кезде алаяқтар сіздің картаңыздың толық деректемелерін, сондай-ақ банк операциясын растайтын SMS-кодты біліп алуға тырысады. Алаяқтар қажетті мәліметтерді алғаннан кейін оларға сіздің банк қосымшасындағы шынайы аккаунтыңызға, оның ішінде депозитіңізге де рұқсат ашылады.

Банктік салым шартын қайта ресімдеу, жасау немесе жүргізу бойынша барлық әрекеттерді екінші деңгейдегі банк бөлімшесіне барып орындаған жөн екендігін есте сақтаңыз. Өз жинақ ақшаңыздан айырылғыңыз келмесе, конфиденциалды мәліметтеріңізді білгісі келетін бейтаныс адамдарға сенудің қажеті жоқ.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...