Депортацияланған халықтың тарихынан сыр шертетін көрме ашылды

1 Маусым 2019, 09:27
5414
Бөлісу:
Депортацияланған халықтың тарихынан сыр шертетін көрме ашылды

Алматы, BAQ.KZ. Алматыдағы ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде «Тарихтан тағылым-өткенге тағзым» халықаралық жоба аясында «Халықтарды Қазақстанға депортациялау тарихынан» атты көрме өтті. 

Жаппай саяси қуғын-сүргін жылдары КСРО халықтарын күштеп депортациялау сталинизмнің қылмысы саналады.

Көрмені музей директорының орынбасары Ғалия Теміртон ашты. Сонымен қатар көрменің ашылу салтанатына Түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Қазақбай Қасимов, Осетин этномәдени бірлестігінің төрағасы Қазбек Мамсуров, ҚР Мемлекеттік орталық архив құжаттарын жариялау және зерттеушілерге қызмет көрсету бөлімінің басшысы Бағдаулет Омаров қатысты.

Депортацияланған халықтың тарихынан сыр шертетін көрме ашылды

Аталған көрмеге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі қорларынан алынған фото және деректі материалдар, кітаптар мен депортацияға ұшыраған халықтардың тұрмыстық заттары қойылды.

Күштеп депортациялауға душар болғандардың алғашқы легіне қиыршығыстық кәрістер жатады. Корей халқымен бір уақытта оңтүстік шекарадан күрдтер, армяндар мен ирандықтар көшірілді. Батыс Белоруссия мен Батыс Украинадан, сонымен қатар Балтық маңы республикаларынан депортацияланған поляктар 1939-1941 жылдары республика тұрғындарына айналды. 

Депортацияланған халықтың тарихынан сыр шертетін көрме ашылды

«Ұлы Отан соғысы басталысымен халықтарды депортациялаудың жаңа кезеңі басталды. Бұл кеңестік немістер еді. Олар Еділ бойынан, Грузиядан, Әзірбайжаннан, Армениядан көшірілді. Тұрғылықты халқының еркінен тыс Қазақстан түрлі ұлттардың сталиндік түрмесіне айналды. Қазақстанға 1937 жылы 18526 кәріс отбасы (шамамен 100 мыңнан астам адам). Соғыс қарсаңында 102 мың депортацияланған поляк республика тұрғындары атанды. Елдің батыс аудандарынан 1941 жылдың күзінде республикаға 532506 адам көшірілді. Қазақ КСР-іне 1941 жылдың күзінде тағы 361 мың Еділ бойы немістері көшірілді. Қазақстанға 1943-1944 жылдары Солтүстік Кавказ халықтары мен басқа да ұлт өкілдерінің 507 мың адамы қоныс аударылды. Орта Азия мен Қазақстан республикаларына 1944 жылдың қарашасында Месхетияның (Грузия КСР) 220 елді мекенінен 110 мыңнан астам көшірілді. Депортациялаудың ауыр зұлматы Солтүстік Кавказ халықтарын қиын жағдайға душар етті, 1943-1944 жылдарықарашайлар, балқарлар, шешендер мен ингуштар депортацияланды. Содан соң қалмақтар мен қырым татарлары көшірілді»,-делінген хабарламада.

Халықтарды Қазақстанға депортациялау сталинизмнің қандықол саясаты жағдайында өтті. Қуғын-сүргінге душар болған халықтардың аса ауыр жағдайда тірі қалуына қазақ халқының бауырмалдығы мен гуманизмі зор септігін тигізді.

Өзгелердің жаңалығы